Мазаланбай-ақ қойыңыз: Мәдениет және спорт министрі сөзін бөлген ақынға ашуланды
Арыстанбек Мұхамедиұлы “Жыр арқауы — Астана” атты халықаралық ақындар айтысына арналған баспасөз конференциясында сөзін бөлген ақын Әсия Беркеноваға ренішін білдірді
Журналистердің бірі министрден 20-21 қазан күндері Қазақстанда өтетін халықаралық айтыстың кімнің есебінен өтетіні жөнінде сұрақ қойған болатын. “Жүлде қорында бас жүлдеге 5 миллион теңге, бірінші орынға 2,5 миллион теңге, үшінші орынға миллион теңге тағайындап отырмыз. Сонымен бірге қолдау ретінде тағы да 350 мыңнан жүлде бар,-деп сөйлей бастаған министрдің сөзін ақын Әсия Беркенова бөліп жіберді. “Кім қаржыландырады дейді, соны сұрап жатыр”, – деді Беркенова. "Мен жақсы түсініп жатырмын. Сіз мазаланбай-ақ қойыңыз. Журналистер менің не туралы айтқанымды жақсы түсініп отыр. Бұл кісілер менің не үшін кішкене қаттырақ айтқанымды да біледі. Бәрі басында “20 жылдыққа осыншама ақша бөлген екен” деп шулаған. Қателесіп “5-6 шілде ғана тойланады” деп айтылды. Бұл бір жыл бойы өтетін шаралар. Соның ішінде енді халықаралық ақындар айтысы өтейін деп отыр. Сіз маған кішкене онша түсінбейтін сияқты қарайсыз ғой деймін”, — деп ашуланды министр.