Семейлік бойжеткен салмағы 40 келі қойды 111 рет көтеріп жұртты таңдай қақтырды
Семейде 18 жастағы Айым Нұржанова салмағы 40 келі болатын қойды 111 рет көтеріп, жүлделі орынға ие болды
Семейлік Айым Нұржановаесімді бойжеткен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университте «биотехнология» мамандығы бойынша екінші курста білім алады. Айтуынша, құрбыларымен бірге «Семей Агро-2018» ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің халықаралық көрмесіне келген ол бір сәтте Казнет жұлдызына айналамын деп мүлдем ойламаған. Жәрмеңке барысында қой көтеруден жарыс болатынын естіген Айым бағын сынамақшы болады. Оған қоса, жақын арада алтыншы сәбиін дүниеге әкелген анасына сыйлық жасағысы келген екен. «Біз үйде 5 қызбыз. Ата-анам 25 жыл бойы ұл күткен. Ақыры тілектері қабыл болып анам 27 қыркүйекте ұл бала босанды. Сондықтан қойды ұтып алып, оны қалжа ретінде анама сылағым келді. Мен қатысуға ниет білдірдім, ал құрбыларым мені қолдады », – деді Айым. Бойжеткеннің сөзінше, бұған дейін ол мұндай форматтағы жарыстарға мүлде қатыспаған. Десе де, 15 жастан бастап жеңіл атлетикаға қызығады екен. Байқауға 14 адам қатысты. Өз кезегінде, жиналған халық ерлермен бәсекеге түсетін Айымға қолдау көрсетті. 22 минутта Айым салмағы 40 келі болатын қойды 111 рет көтеріп, екінші орын алды. Ал, бірінші орынды қойды 185 рет көтерген Марат Оразбаев есімді жігіт алса, үшінші орынды 170 рет көтерген Әлихан Арғынбек иеленді. «Мен қыз бала болғандықтан маған екінші орынды берді. Жүлдені ұтып алғаннан кейін бірден ата-анама хабарластым. Олар таңғалып, менің денсаулығыма алаңдады. Кейінірек олар қуаныштарын білдіріп, құттықтады », – дейді Айым Нұржанова.