Төрештерді төбеге шығарған өзіміз: Белгілі журналист әншілерді көкке көтерген халыққа шүйлікті
Елімізге танымал қоғам қайраткері Арман Сқабылұлы әншілерді көкке көтерген жұртты сынға алды
Қоғам қайраткері Арман Сқабылұлы "Төрештерді" төрге шығарып, оларды "төре" еткен де халықтың өзі екенін айтып, жұрттың бұл әрекетін сынға алды.
"Төрештерді" төбемізге шығарып, "төре" жасаған өзіміз. Уыс-уыс ақша беріп тойға шақырамыз, Онымен қоймай ұшақтың бизнес класына билет алып береміз. Бес жұлдызды қонақ үй дайындайтынымыз тағы бар. Осыдан кейін "төрештер" құтырмай қайтсін!
Былтыр осындай бір жұлдыз інімізді Шымкенттің ұшағында қалың жолаушының жарты сағат күтіп тұрғанына куә болғанмын. Әлдебір дөкейдің тойынан кешігіп келген әншіге жиналған жұрт ренжудің орнына, түк болмағандай онымен жарыса суретке түсіп жатты", - деп жазды Сқабылұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ журналист жақында "Эйр Астана" бортында болған шулы оқиғаға қатысты да пікірін білдірді.
Арман Сқабылұлының айтуынша, "жұлдыз" ауруына шалдыққандар өздерін бәрі "болады" деп ойлап, осындай әрекетке барады екен. Ел ағасы әншілерді жерге түсіру керек екенін де жасырмады.