Масқара: Шахановты "өлді" деген отандық шенеунік ұятқа қалды
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали өзінің желідегі парақшасында Шерхан Мұртаза қайтыс болды деп, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың суретін салып, сынның астына қалды
Әкім орынбасарының аталған жазбасы белгілі блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Онда ол:
"Ақмола облысы әкімінің орынбасары салған пост! Facebook. Бір кем дүние" деген қысқа ғана жазба қалдырған.
Алайда әкім орынбасары Марат Иғали артынша аталған жазбаны өз парақшасынан өшіріп тастаған. Десе де, желі қолданушылары оның бұл постының көшірмесін жасап, пікір ретінде жариялап та үлгерді.
Сондай-ақ, олар "Тірі адамды көмдіңіз", "Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Шахановты айыра алмай қалай әкім болып жүрсіз? Масқара! Ұят!" деген пікір қалдырған.
Алайда шенді азамат өзінің қателік жібергенін мойындап, Шахановтың өзіне қоңырау шалып, кешірім сұрапты.
Бұл туралы ол өзінің парақшасына жариялап, көпшіліктің алдында ақталды.
"Кеше Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері, ел ағасы Шерхан Мұртаза бақилыққа аттанды. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының нар тұлғасы Шерағамыздың дүниеден өтуі еліміз үшін орны толмас қайғылы оқиға. Марқұмның отбасына, туыс-туғандарына, жақындарына көңіл айтамын!
Алайда, маған ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа байланысты бұрыс ақпарат келіп түсті. Асығыста, акпаратты тексермей жіберген қателігім деп мойындаймын! Шынымды айтсам, түнде сол үшін дұрыс ұйықтамадым.
Бүгін таңертең Мұxтар ағамызға xабарласып кешірім сұрадым! Ол кісі мені дұрыс түсінді, сіздер де дұрыс түсінеді деп үміттенемін.
Абайсызда, асығыста кеткен қателігім үшін тағы да кешірім сұраймын!", - дейді Марат иғали өз жазбасында.
Айта кетейік, кеше белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза өмірден өткен еді.