Жылқышиева : Ата-аналар комитеті-жемқорлыққа апарар бірден-бір жол
"Ақша жинауға жол жоқ" акциясының аясында мектептерде ата-аналар комитетін құруға тиым салынбақ
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана департаментінің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, ата-аналар арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, олар бір айдың ішінде 1000-нан 10 000 теңгеге дейін ақша беруге мәжбүр болғандары анықталды. «Сауалнамаға қатысқан 100 ата-ананың 87-сі балалары үшін ең аз дегенде бір рет мектепке ақша өткізгендерін айтты. Сондықтан біз жүйелі жұмыс жүргізуді бастауды қолға алдық. Негізінен қаражатты «ата-аналар комитетті» өздері жинайды. Осыған байланысты жобаның офисі ҚР Білім және ғылым министрлігіне «мектептерде ата-ана комитетін сайлауға тыйым салу» туралы ұсыныс жасады. Себебі олардың қызметі реттелмеген және күнделікті жемқорлыққа негіз қалайды», – деді Жылқышиева. Сондай-ақ ведомство өкілі мектептерде ақша жинау фактілері немесе оқу орындарында заң бұзушылықтар орын алған жағдайға директорлар жауап беретінін ескертті. Ал оқушылардың ата-аналары осындай фактілерге кезіксе +7 (7172) 55-68-73, 55-68-83, +7 775 160 55 32 телефондарына хабарласа алады.