Әнші Төреғалидің ұшаққа билетсіз өтуіне байланысты тергеу жүргізіліп жатыр
Әншіні билетсіз ұшу аймағына жіберген әуежай қызметкерлері де жауапқа тартылып жатыр
«Алматы-Гонконг» рейсіне билеті жоқ адамның әуежайдың ұшу аймағына рұқсатсыз өту фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы Көліктегі Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. «Бұл оқиғаға байланысты факті сотқа дейінгі тергеудің тізіліміне енгізілді. Осы жағдай 1992 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматына қатысты болып отыр», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде. Дегенмен ІІД өкілдері бұл оқиғада «Алматы-Гонконг» рейсінде заң бұзушылық жасаған адамның нақты аты-жөні туралы мәлімет бермеді. Алайда баспасөз қызметінде бұл оқиға салдарынан «Алматы-Гонконг» рейсі кешіктірілгенін растады. Айта кету керек, қыркүйектің 14 күні «Алматы-Гонконг» бағытындағы рейсте төтенше оқиға орын алған. Билеті жоқ ер адам ұшақ бортына өтіп кеткен. Кейін ол адамның өзінің отбасын шығарып салмақ болған әнші Төреғали Төреәлі екені анықталды. Төтенше жағдайға байланысты рейс 18 минутқа кешіктірілді. Сонымен қатар, билеті жоқ адамның әуежайдың ұшу аймағына рұқсатсыз өткені үшін әуежай қызметкерлері айыппұл төлейтіндігі хабарланды.