Баяндамасын қазақ тілінде бастаған Тимур Сүлейменов көпті таңғалдырды
Астанада Қытайдың мемлекеттік даму банкінің Қазақстандағы өкілдігі ашылу салтанатында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндамасын қазақ тілінде бастады
Осыдан жарты жыл бұрын Тимур Сүлейменов : "Ресейде бес жыл жұмыс істегенім үшін, ана тілімді ұмытып кетіппін." деп айтқан еді.
Сол әрекеті үшін, жұрттан кешірім сұрап, жарты жылда қазақ тілін қайта меңгеріп аламын деп уәде берген еді. Ал бүгін берген уәдесінде тұрып, жиында баяндамасын қазақ тілінде бастап, көпті сүйсінтті.
"Барлық қонақтарға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Баршаңызға сəттілік тілеймін", - деген Сүлейменов баяндамасын орыс тілінде жалғастырып кетті.
Айта кетерлігі, ол ана тілінде баяндама оқыған жалғыз шенеунік болды. Жиынға қатысушылардың өзгелері орыс тілінде сөз сөйлеуді жөн көрді.
Өз сөзінде министр екі ел арасындағы экономикалық қатынстар жайлы сөз етті."Бүгінде банк ел экономикасына 20 млрд АҚШ долларынан астам ақша құйды. Қаржы экономиканың түрлі салаларына тартылды. Бұл ретте "Астана" халықаралық қаржы орталығының да ерекше маңызын атап өткен жөн. Себебі, банк алғаш рет дəл осы өңірлік қаржылық хабқа тіркелген еді", - деді ол.