Ақтаулық әйел 9 жасар ұлын буындырып өлтірді
Ақтауда өз ұлын батареяға байлап буындырып өлтірді деген күдікпен әйел адам қамауға алынды
Бұл жағдай Ақтау қаласының бесінші ықшам ауданындағы 3-ші үйде болған. Әйел адам тоғыз жастағы ұлын батареяға байлап, буындырып өлтіріпті. Ұл бала үшінші сыныпта оқыған.
"Күйеуімен ажырасып кеткен, бірақ әкесі жиі баласымен көрісіп тұратын. Соңғы кездері мінез-құлқы өзгеріп кетті. Жиі мектепке барып, жанжал шығарып жүретін", - деді күдіктінің таныстарының бірі.
Аталмыш оқиғаға қатысты пікір білдірген Маңғыстау облыстық ІІД мәліметінше, қазір күдікті тұтқындалып, қылмыстық іс қозғалған.
"Күдікті қылмыс орнында тұтқындалды. Қарсылық көрсеткен жоқ. Өз кінәсін толықтай мойындады. Әйел адам тергеу изоляторында отыр. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 99 бабы "(Өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Психиатриялық және сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", - деп мәлімдеді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Күдікті сот санкциясы бойынша екі айға қамауға алынған.