Шымкентте автоұрылардың қолынан зардап шеккен полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Бүгінде жағдайы тұрақты ауыр болып отыр. Ал оған пышақ сұққан күдіктілер бұрын сотталған екен. Бірақ олар рақымшылық арқылы қамаудан босап шыққан
ІІД тапсырмасы бойынша қала орталығында кетіп бара жатқан екі полицей автотұрақтағы көліктерді торуылдап жүрген екі күдіктіні байқаған. Артынша оларды тексермек болғанда, 25 және 30 жас аралығындағы күдіктілер қарсылық танытып, қаша жөнелген. Өз кезегінде учаскелік инспектор Нұрқанат Керімбеков күдіктіні қолға түсіріп, қол-аяғын байлап, әріптесіне көмектесуге барыпты. «Күдіктінің біреуі Қонаев гүлзарына қарай қаша жөнелді. Мен екіншісімен алысып, оны ұстап қалдым. Алысып, қолын байлап автокөлікке самбо әдісін қолданып автокөлігіме отырғызып, Омаровтың ұстап отырған жеріне бардым. Омаров Нұржанның үстінен қан ағып жатты», – дейді Нұрқанат Керімбеков. Екінші күдікті өзін қуып жетіп, ұстап алған Нұржан Омаровты бірнеше жерінен пышақтаған. Алайда полицей өзіне пышақ сұғып жатса да, қашқынды жібермей ұстап тұрыпты. Оның бұл әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ал әріптестері аға лейтенант Омаровты батырға балап отыр. Десе де пышақ жарақатын алған Омаров көп қан жоғалтқан. Оған бір жарым сағат бойы ота жасалды. Дәрігерлердің сөзінше, қазіргі уақытта оның жағдайы қалыпты әрі ауыр. Бүгінде есін жиған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді. «Қуалап жетіп, желкесінен ұстадым. Алысқандай болды. Пышағын көрмедім. Оң қолымның әлі кетіп қалды. Қарасам қолым қанап жатыр екен. Бір теуіп едім, құлады. Қолынан пышақ түсті», – дейді учаскелік полицейдің көмекшісі Нұржан Омаров. Қалалық полиция басшылығының сөзінше, Нұржан Омаров денсаулығы оңалып, жұмысқа шыққаннан кейін марапатталады. Ал күдіктілер бұрын сотталған көрінеді. «Бұрынғы ОҚО, Кентау қаласының азаматы. 1992-ші жылғы. Бұрын осындай ұсақ-түйек ұрлықтар жасаған. Ұялы телефон ұрлап абақтыға қамалған. Сонымен амнистияға түсіп, шыққанына көп болмапты», – дейді Әл Фараби АПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерғали Кенжебаев. Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте күдікті өзін ұстап бермек болған полицейді бірнеше жерінен пышақтап тастағанын хабарлаған едік.