Лифтіде жаншылып қалған журналист Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты сот үкімі шықты
Ақтөбеде лифтіде жаншылып қалған журналист өліміне қатысты сот отырысы аяқталды. Тұрғын үйдің техникалық қауіпсіздігіне жауап беретін мекеме басшыларының кінәсі сотпен дәлелденді
Марқұм тұрған үйдегі лифтінің техникалық қауіпсіздігіне жауапты "Жәнібек сервис" ЖШС-нің басшысы Кенен Жанабеков 4 жылға шартты түрде бостандығынан айырылды. Ал техникалық қызмет көрсететін мекеме механигі Жарылқасын Ақжанов 4жылға бас бостандығынан айыруға үкім шықты.
Сот Ақжановқа 2 млн теңге моральдық шығын төлеуді міндеттеді. Екінші сотталушы жәбірленушінің отбасына қаржылай көмек көрсеткен.
Елді дүрліктірген қайғылы жағдай Қылмыстық кодекстің 306 бап 3 бөлігімен қаралған болатын.
Еске сала кетейік, оқиға 4 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы 12 мөлтек ауданында болды. Айзат Әбдісамат кешкілік үш жасар қызымен серуендеу үшін өзі тұрып жатқан жалдамалы пәтерден сыртқа шыққан. Лифтіге бірінші кірген қызының артынан жүгірген марқұм есікке қысылып қалады. Журналист ауа жетпей оқиға орнында көз жұмған.
Ал марқұм Айзат Әбдісамат жергілікті телеарнада таңғы және балалар бағдарламасын жүргізген болатын.