Павлодарда әке-шешесін бауыздап өлтірген бозбалаға сот үкім шығарды
Жәгәт саяжайда өгей әкесімен ұрысып оны пышақтаған, қылмысын жасыру үшін туған шешесін де өлтіріп тастапты
Павлодарда туған анасы мен өгей әкесін бауыздап өлтірді деп айыпталған бозбала сотталды. 17 жастағы Никита Саргаш ендігі 10 жылын темір тордың ар жағында өткізуі тиіс. Қанды оқиға былтыр наурызда шаһарға қарасты саяжайлардың біріндегі балық цехында болған. Тергеу материалдарына қарағанда, 17 жастағы Никита Саргаш пен оның өгей әкесінің арасында жанжал шыққан. Дау қыза келіп Никита 27 жастағы азаматқа 10 жерден пышақ сұғыпты. Бұдан соң қылмысын жасыру үшін туған анасын да 30 шақты жерінен пышақтап тастаған. Ақыры марқұмдарға тиесілі ақша мен алтын бұйымдарды, ұялы телефондар мен жеңіл көлікті айдап ізін суытады. Көп ұзамай қолға түскен жас жігіт қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша іс қозғалған-ды. Бірақ, ол кінәсін еш мойындамай, тіпті бұл қылмысқа өгей әкесінің ағасын айыптаған еді. Жарты жылға созылған іске қатысты сот Саргашты кінәлі деп танып, 10 жылға қатаң тәртіптегі абақтыға қамау жазасын кесті. Бұған қоса, енді ол өгей әкесінің анасына 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі тиіс.