Басқа проблема жоқ па?: Тоқаевтың ұсынысы Қыдырәлі Болмановтың ашуына тиді
Жуырда сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тойындағы ысырапшылдықты кемітіп, оны мүлде жаңа форматта өткізуді ұсынған еді
"Егер біз дамығымыз келсе, тойды емес, шағын және орта бизнесті жолға қоюға күш салуымыз керек. Ал тойдың әңгімесін, сіз айтасыз, Ақанның кезінде де, Біржанның кезінде де айтқан. Бірақ оның экономикаға түк қатысы жоқ. Қазақ әрқашан барын қызығы мен қуанышына шашқан халық. Енді келіп, сонымен алысамыз ба? Той, асаба, фонограмма деп шулаймыз, жалпы онда мәдениет мәселесіне тоқталып, жақсылап жүйелі жұмыс жүргізу керек. Ондай жұмыс жоқ", — деді әнші. Қыдырәлі Болманов шенеуніктердің тойды мәселе етіп көтеріп жатқанына күлкісі келетінін айтты. Оның сөзінше, тойдағы ысырапшылдықтың экономикаға еш қатысы жоқ. Сондай-ақ ол ел ағаларының экономикамен айналысудың орнына той-томалаққа тиісетініне ашуланды. "Егер біз осы қалпымызда отыра берсек, біздің ішкі нарық, экономикамыз ешқашан өспейді. Мәселен, біз ойыншық, шұлық шығарамыз. Бірақ Италия, Қытай, Ресей немесе Беларусь компанияларымен бірдей салық төлейміз. Неге біз отандық өнім шығара тұра, шетелдік компаниялармен бірдей салық төлеуіміз керек?! Неге қазақстандықтар өз ақшасына сырттан келетін тауарларды сатып алып, бәрін шетелге жіберуі керек?", — деді Болманов.