Қарағанды облысында жас босанған ана мен оның сәбиі көз жұмды
Қарағанды облысы Ботақара ауылында жас босанған ана мен баласы қайтыс болды. Оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді
Қайғылы оқиға Қарағанды облысы Ботақара ауылында орын алды. Қадиша Дәрменбаева есімді тұрғын үшінші баласын босанған соң, алты сағаттан кейін көз жұмған. Өкініштісі, сәбиі де аман қала алмады.
Дәрігерлер сол күні түс ауа әйел адамның "ішінің төменгі тұсы ауырып тұр" деп ауруханаға келгенін айтады. Ол солдай-ақ, жолдасына қаладағы перзентханаға апаратыны туралы айтқан. Алайда, әйел адамды Қарағандыға жөнелту мүмкін болмапты. Бар-жоғы жарты сағатта суы кетіп, оған жедел түрде ота жасалыпты.
"Сәби кесар тілігін жасау уақытында шетінеп кеткен. Кейін белгілі болғандай, шақалақтың пневмония және менингитке шалдыққаны анықталды, соның салдарынан дүние есігін ашпай жатып, көз жұмды. Бұған дейін келіншек вирустық инфекцияға шалдығыпты, алайда дәрігерге сол күйі қаралмаған. Салдарынан, іштегі сәбиге де дерт жұққан", - дейді облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдері.
Сонымен бірге мамандар, әйел адамның да не себепті көз жұмғанын түсіндіріп берген. "Нәрестені аман алып қалу үшін, кесар тілігін жасаған кезде, оның суы қанға түсіп кеткен. Салдарынан, ағзада аллергиялық реакция пайда болып, шок туындаған. Нәтижесінде, әйел адам ес жимастан қайтыс болған", - дейді мамандар.
Дәрігерлер, ғылымда мұндай жайтты – эмболия деп атайтынын атап өткен.
"Бұл өте сирек кездесетін жағдай, жиырма мың адамның ішінде тек бір ғана жағдай осындай болатын шығар. Ауыл ауруханасының дәрігерлері бұрын-соңды мұндай жайтты өз тәжірибелерінде кездестірмеген", - деді олар.
Қазіргі таңда, аталған оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 317 бабы, 3-бөліміне сәйкес, қылмыстық іс қозғалған. Ведомство өкілдері, дәрігерлердің осы жағдайға қатысты кінәсін құзырлы органдар шешеді деп мәлімдеген.