2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген телефондарға қызмет көрсетілмейді
Телефонда қалай тіркеуден өткізуді біле жүріңіз
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев жыл соңына қарай ұялы байланыс операторларының филиалдарында дүрбелең болуы мүмкін, сол үшін тіркеу рәсімін дер кезінде жүргізу керек екенін ескертті. Сәдубаев бұл ең алдымен азаматтардың мүддесін қорғау үшін жасалып жатқанын атап өтті. "Егер тіркеуден кейін әлдекімнің телефоны ұрланса, база арқылы оны кім пайдаланып жүргенін анықтауға болады. Базада құрылғының IMEI-коды ұрланған ретінде тіркеуде тұрса, байланыс операторлары да байланысты бұғаттауға мүмкіндік алады", — деп түйіндеді ол. IMEI- код бұл аппараттың бірегей коды. Оны телефонның артқы қақпағынан, құрылғының қорабынан табуға болады не болмаса *#06# командасын енгізсеңіз, экранда шығады. Кодты тіркеу үшін мобильді оператордың кеңсесіне бару керек. Сондай-ақ, онлайн немесе SMS арқылы тіркеуге болады. Мұндай тіркеудің шарттары туралы өзіңіздің байланыс операторыңыздан біле аласыз. Айта кетсек, SIM-картасы пайдаланылатын барлық электрондық құрылғыны тіркеу қажет.