Рахман Омардың бұрыңғы әйелінің өліміне қатысты күдікті сотта басқаша сөйлеп шықты
Марқұмның ұлы: Күдіктінің бірі куәгерге айналып кеткенін тіптен түсінбей тұрмын
Танымал актердің әйелін асқан қатыгездікпен өлтірген адам сотта басқаша сөйлеп шықты, деп жазды КТК арнасы. ААлматыда танымал актер әрі тележүргізушінің бұрынғы әйелін 8 мәрте пышақ салып өлтірді деп айыпталған келіншек сот басталмай жатып, жазасын жеңілдетуді сұрады. Марқұмды өлтіргісі келмегенін алға тартқан Ақтолқын Сүлейменова пышақты байқаусызда сұғып алғанын айтып, келгендерді шалқасынан түсірді. Жалпы, жазадан жалтарғысы келетін жалғыз бұл емес. Марқұмның туыстарының айтуынша, бастапқыда Сүлейменованың сыбайласы делінген екінші қыз тергеу жүрген төрт айдың айналасында күдіктіден куәгерге айналып шыға келіпті. Атышулы іс бойынша сот ашық делінгенімен, неге екені белгісіз бүгінгі процеске тілшілерді кіргізбей қойды. Тіпті, марқұмның бұрынғы күйеуі Рахман Омаровтың өзі есігінен сығалап қалды. Танымал тележүргізуші түк тындырмады деп тергеушілерге өкпелі. Оның айтуынша, арада төрт ай өтсе де, балаларының анасы не себепті өлтірілгенін сол күйі ешкім біліп бере алмапты. "Ең басты күдікті ештеңе айтқан жоқ! Не өзінің адвокатына, не тергеушіге, ешқандай. Сол жұмылған аузы сол күйі міне төрт ай болды, бір ақпарат жоқ. Біз себебін білмей отырмыз! Салдары не әлі күнге дейін. Не жағдай түрткі болды? Ол ақша мәселесі ме? Жоқ, әлде басқа жағдайдың үстінен түсті ме?",- дейді марқұмның бұрынғы күйеуі Рахман Омаров. Есте болса, Гүлдерайым Омарова әдеттегідей пәтерақысын алуға барады. Алайда, пәтерін жалдап отырған қыздар ақшаның орнына келіншекке пышақ ала жүгірген. Сараптама көрсеткендей, суық қару мойын тұсынан сегіз мәрте сұғылыпты. Бірақ соған қарамастан, басты күдікті қылмысты «байқаусызда жасадым» деп сотта дес бермей отырған көрінеді. Одан қалды, анасының артынан іздеп пәтерге барған ұлына пышақ жұмсағанын да мойындамай қойған. "Бетін тілсе, қан ақпайтын адамдар деп айтамыз ғой. Дәл солай. Маған шабуыл жасағандарын ашық айтпай жатыр.",- дейді марқұмның ұлы Досхан Кәкімов. О баста күдікті екеу делінгенімен, сотталушы орындығында қыздардың біреуі ғана отыр. Екіншісі сұмдық қылмыс болғанда «ұйықтап жаттым» деп ақталыпты. "Енді ол басқа симайтын нәрсе. Өйткені, ол үйде болды. Мен қаншама тоқылдаттым. Барлық үй естіді оны. Бірақ, соның өзі ештеңе көрмедім, ештеңе естімедім деп жалған айтып отыр.",- дейді марқұмның ұлы Досхан Кәкімов. Ал басты күдікті -30 жастағы Ақтолқын Сүлейменова. Түркістан облысындағы Шардара ауданының тумасы бұрын да ұрлық жасап, ұсталған екен. Бірақ сот кешірім беріп, түрмеден құтылған. Бұл жолы да сол қулыққа салғысы келсе керек, сегіз мәрте пышақ сұққан Сүлдейменова «байқаусызда өлтірдім» деп бабын өзгертуді сұрады. Егерде онысы дәлелденсе, «аса жауыздықпен адам өлтірді» деген айып тағылған Ақтолқынның жазасы едәуір қысқарады.