Алматыда балабақша тәрбиешілері балаларға түрмедегідей тәртіп орнатқан
Ұл-қыздарының таяқ жегенін айтқан аналарды мекеме басшысы қорқытып, алғашында мазақ етіпті.
Алматыдағы №140 балабақшада қос бірдей тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Ата-аналардың айтуынша, балаларды аялы алақанымен емес, білектің күшімен тәрбиелеген олар небір сорақылыққа жол берген, деп жазды КТК арнасы. Бірақ, мұның барлығын ата-аналар бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы әрең дәлелдепті. Ал, полицейлер арызымызды кері қайтарып, істі жылы жауып қойды дейді ашынған топ. Алматыдағы №140 балабақшадағы бұл көріністер бейнебақылау камерасына жазылған. Буыны қатпаған бүлдіршіндерді білектің күшімен тезге салған тәрбиешінің әрекеті тайға таңба басқандай байқалады. Біреудің әлпештеген ұл-қызын әрі-бері өткенде сызғышпен бетінен ұрып, дәптерлерді төбеден түскендей оңды-солды таратып жүр. Тіпті, ашуға мінгенде аяқ киім лақтырып, қалауынша нұқып қояды. Бірақ, болған жайтты балаларының ауызынан естігенде ата-аналар алғашында сенбегенін айтады. "Балалар қорқып қалған. Себебі, күнделікті психологиялық қысым көрсеткен. Қорқытып-үркіткен, қолына түскен затпен ұрған. Тіпті, балабақшада түрмедегідей тәртіп орнатып, балалардың арасынан бақылаушы сайлаған. Яғни, оларға қатарластарын жазалап, тәрбиешіге көмектесуге үйреткен",-дейді Алматы қаласының тұрғыны Анар Нұрсұлтанова. Алайда, басында түлкі бұлаңға салған меңгеруші соңында жазба өшірілген дискіні қолымызға әрең ұстатты дейді ашулы топ. Бірақ, арнайы маманның арқасында бейнені қалпына келтірген ата-аналар, балабақшадағы сұмдық оқиғаға куә болдық де "Бірнеше күнге дейін өз-өзімізге келе алмадық. Меңгеруші болса барлық жерде танысым бар, сендер ештеңе істей алмайсыңдар деп доқ көрсетті. Аудандық ішкі істер бөліміне барғанымызда бейне жазба өшірілген деді. Бағымызға орай барлығын дәлелдедік",-дейді тұрғын Мәдина Өксікбаева Дегенмен, қараулық жасамадым деп ақталған меңгеруші балабақшадағы шуға қатысты қатаң шара қолданып, екі бірдей тәрбиеші жұмыстан қуылғанын айтады.