Талдықорғанда адасып жүрген африкалықтар елдеріне қайта алмай жүр
Оларды Сьерра-Леоне мемлекетінен Алматы облысына әлдекімдер алдап әкеп, құжаттарын тартып алған көрінеді.
Жергілікті тұрғындар олардың туған елдеріне аман-есен оралуы үшін барын салуда. Ал полицейлер өз аймақтарында африкалықтардың заңсыз жүргенін білмейді де екен,-деп жазды КТК арнасы. 30 жастағы Жабраил Макинцаяның Талдықорғанда жүргеніне үш аптадан асқан. Сьерра-Леоне республикасы азаматының қолында бір де бір құжаты жоқ. Қазақстанға белгісіз біреулер жұмыс бар, айына төрт мың доллар жалақы береміз деп алдап әкеліпті. Туған жерінде биші болған ол нанын тауып жеу үшін енді даяшының жұмысын үйреніп жүр. Туристік визамен Алматыға келгенбіз. Бізді шақырған мекеме құжатымызды тартып алды. Мұса деген досым олардан құжаттарды сұрап барғанда жоқ деп қуып жіберді. Енді визамыздың уақыты бітіп кетсе күніміз не болмақ деп қорқып жүрмін»,-дейді Сьерра-Леоне республикасының азаматы Жабраил Макинцая. Құжаттарының телефонындағы суреті ғана сақталыпты. Жабраилдің тағы үш досы Қазақстанда жүр. Олар да жақсы өмірді аңсап келіп далада қалған. Бірақ камераға сөйлегілері келмейді. Шетелдіктерді бірінші болып талдықорған тұрғыны Айдар Ахметов кездестіріпті. Мешітке пана іздеп келгендермен ағылшынша сөйлесіп, жағдайларын білген. «Танысқаннан кейін олардың қиын жағдайға тап болғанын білдім. Түрлеріне қарасаң бәрі жақсы сияқты. Бірақ тұратын жерлері жоқ, тамақ алатын ақшалары жоқ. Елге келгенде азын аулақ қаржылары болған, қазір көк тиындары қалмапты.»,-дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айдар Ахметов. Тұрғындар шетелдіктерге барынша көмектесіп жатыр. Мүгедектер қоғамы жататын жер тауып беріп, тіпті жұмысқа тұрғызбақшы. Біз оған даяшының жұмысын үйретіп жатырмыз. Жағдайын ескеріп қосымша күн сайын мың теңге төлейміз. Бұның қаншалықты заңды екенін және соңы не боларын өзіміз де білмейміз.»,-дейді мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлвира Таубалдинова. Бір қызығы полицейлер шетелдіктердің Талдықорғанда ешбір құжатсыз жүргенінен хабарсыз. Амалсыздан Жабраилды ертіп ішкі істер департаментіне өзіміз бардық. «Төрт африкалықтың жағдайы бойынша айтар болсам, бұларды тіркеу Алматы қаласында өткен. Ал Талдықорғанға қалай келгені белгісіз. Алматының көші-қон полициясына барулары керек. Сол жерде көмек көрсетуі тиіс.»,-дейді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет. Полицейлер қара нәсілді жігіттерді елге кімнің алып келгенін де тез-ақ анықтады. Алдын ала болжам бойынша ол Сирия азаматы болуы мүмкін. Бүгінде оған халықаралық іздеу жарияланған. Ал африкалықтарға визаның уақыты өтпей тұрып енді Алматының көші-қон полициясына жету керек. Олардың қала арасында қатынауына талдықорғанның белсенділері көмектесеміз деп отыр.