Айгүл Мукей алғаш рет күйеуі, отбасы жайлы айтты
Журналист 20 жасында анасы жүрек ауруынан қайтыс болғанын айтып жылап қалды
Жиырма жасында "Хабар" арнасы арқылы барлық Қазақстанға танылған тележүргізуші әрі журналист Айгүл Мукей алғаш рет жеке өмірі мен отбасы балаларының әкесі жайлы айтты. "Екі жыл бұрын тұрмысқа шықтым. Нәтижесі міне қызым Хабиба өмірге келді. Қызымның есімі араб тілінен алынған оны әкесі қойды. Қазірге айта алатыным күйеуіммен бақыттымын. Асанәлінің әкесімен жолымыз екіге жарылды. Тұрмысқа шығар алдында күйеуімді ұлыма мысал бола алатындай ер адам болса екен деп, екеуін ұзақ сырттарынан бақыладым, байқадым. Шүкір қазір бәрі жақсы. Бақыт тыныштықты, жария етпеуді жақсы көреді дейді ғой. Сондықтан күйеуім жайлы барлық шындықты айтып, елге кім екенін нақты айтпай тұратұрсам.",-деді Айгүл Мукей. Жеке өмірі жайлы айтқан тележұлдыз ата- анасы, балалығы туралы айтып отырып көзіне жас алды. "Анам мен жиырмаға келгенде қайтыс болды. Өзі алдын ала сезген болар сол жылдары қызымыздың жеке үйі болғаны дұрыс деп жас болсам да маған үй алып берді. Артынша Украинада ота жасалды. Қазір тура сондай оталарды өз елімізде өте сәтті әрі күнде жасалынып жатыр. Сол кезде медицина дамымаған болса керек, анам көп ұзамай қайтыс болды. Қазір әкем де дүниеден озған. Есесіне оның екінші әйелі мен бір інім, бір сіңлім бар. Оларды өте қатты жақсы көремін. Әкемнің туған әпкесі Алмагүл есімді апам бар. Сондықтан жалғызбын деп айту артық болар. Інім әкемнен аумайды, шүкір ұрпағы жалғасуда.",- деді тележүргізуші. Оқушы кезінде өте белсенді әрі ұстаз, мұғалім, балалармен жұмыс істейтін педогог маманы болуды армандапты. "Мектепте өте белсенді болдым. аудан орталығына барып, қатарластарыммен бірге түрлі жарыстарды ұйымдастырып, қатысып жүретінмін. Сол кезде ата- анама ұстаздар "мектептен қызыңызды шығарамыз" деген сөздер де айтылды. Несін жасырамын мінезім сондай көпшілікпен сиыса бермейтін, мұғалімдермен келісе бермейтін оқушы болдым. Бірақ бала күнімде тележүргізуші боламын деп армандаған да жоқпын",- дейді Айгүл Мукей. Тележүргізуші 42 жасында қызды болғанына өте қуанышты. Хабиба төрт айлық кезінен бастап жұмысқа шығып кетіпті. Мақсаты, ертең қызы мақтан тұтатын ана атану екен. Бір қызығы Айгүл Мукей ешқашан өзін әдемімін деп есептемеген. Қазір де қыз күнінде де. Тіпті өзі жүргізген бағдарламаларды қайтарып көрмейді екен.