Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бейнебаянға түсіп жатыр
Әкімдердің ғаламтордағы жарысына енді басқаланың су жаңа әкімі қосылмақшы.
Астанаға жаңадан тағайындалған әкім клипке түсуі мүмкін екен. Бақыт Сұлтановқа мұндай ұсынысты жасаған кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Оқу орнын емес, бүтін бір өңірді басқарып отырған әкімдер шаңдата билемесе де, өзіндік челенджге қатысып жүр. Ең бірінші болып Шымкент пен Астанананың бұрынғы әкімі көрінді. Ғабидолла Әбдірахымов Шымшаһарды Зың, Әсет Исекешев Елорданы «Самая вышка» деп атағаны есте. Үшінші мегаполис Алматының әкіміне берілген кезек әлі жалғаспапты. Бауыржан Байбектен жауап алмақ болған Ерғазы Әзімханұлы ақыры әкімдік табалдырығынан аттай алмай, қайтып кетуге мәжбүр болды. Есесіне, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Тараз қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтан жауап алудың сәті түсіпті. – Ақтөбе облысын жануарға теңесеңіз, қандай жануарға теңейтін едіңіз? – Барысқа. Ақтөбе барысқа ұқсайды. Тұрған жері, жан-жағы, халқы. – Ғалымжан аға, Тараз қаласы қандай өлеңнің сөздерімен сипаттайсыз? – Өлеңді не қыламыз, киномен көрсете берейік те. – Қандай кино? – «Джентельмены удачи» «Там тепло, там моя мама». – Ал өлеңмен сипаттасақ ше сонда да. – От от жанарың!. Әкімдерді өзгеше сұрақтармен мазалап жүрген Ерғазы Әзімханұлымен тілдестік. Мінберде отырғандар да қарапайым адамдар екеніне көз жеткізгім келді дейді өзі. Көбінесе қойылған мақсат өзін ақтап жатқан көрінеді. Келесі жауап Қырымбек Көшербаевтан сұралатын секілді. Ал Астанаға жақында тағайындалған Бақыт Сұлтанов клипке түсуі мүмкін екен. “Жоспарда қазір кішкене Сіздерге айтып қояйын. Бір өлең бар. Хит өлең мықты. Сол өлеңнің сөздерін шамалап өзгертіп, әкімнің жаңа қазіргі жұмысы қалай болып жатқаны туралы инстаграмда креативті клипімізбен жеткізгіміз келіп тұр. Ол клипте біздің жаңа әкім Бақыт Сұлтанов түсетін болады» – дейді блогер Ерғазы Әзімханұлы. Билік басындағылардан тағы бір челлендж. Жақында Ақпарат және коммуникациялар министрі өз парақшасында бір видео жариялады. “Тұлпар мініп, ту алған” атты ұлттық жоба аясында Дәурен Абаев «Алпамыс батыр жырынан» үзінді оқып шықты. «Далада мен отырмын құрып өрмек. Жалғызымды қасымда қылып ермек. Баламды менің жалғыз өлтіргенше, Алсайшы Гүлбаршынды қу жүгірмек» – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Министр жыр кезегін депутат Геннадий Шиповскихке берді. Халық қалаулысы өзін көп күттірмеді. Дастан оқудан кенде емес екенін көрсетіп қалды. “Талай бала қырғансың. Шекті деген еліңде. Сарыбай деген бай еді. Жалғасқызы Гүлбаршын 15-те туған ай еді. Жасыңнан саған айттырған Гүлбаршын сұлу жар еді. Ал енді осы эстафетаның жалғасын еліміздің батыры, әріптесім Бақытбек Смағұл ағамызға жолдаймын» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских. Министр, депутаттар осылайша елдің әдебиетке деген қызығушылығын оятқысы келген секілді.