Сирияда өлім жазасына кесілген қазақстандық қыздың анасы оның өліміне сенбей отыр
Анасы: Соңғы кездері маған хабарласып, жиі ақша сұрайтын.
Сирияда өлім жазасына кесілген болуы мүмкін ақтөбелік Гүлбану Асанованың анасы оның өлім жазасына кесіліп, сол елде қылмыс жасағанына сенбей отыр. 2 апта бұрын Қазақстандық елшілер Сирияда дарға асылған қазақстандық 3 әйелдің есімін жариялаған еді. Анасы сол кезде теледидар арқылы қызының қазасы туралы естіген. Оның айтуынша, қызы радикалдық ағымның жетегіне колледж қабырғасында жүріп танысқан жігітінің кесірінен кіріп кеткен. Тұрмыс құрғаннан кейін қатты өзгерген Гүлбану сүйіп қосылған күйеуі мен екі жасқа толмағанқызын тастап Сирияға кетіп қалыпты. Бұл туралы 31 арна жазды. Сирияға кеткен қызы Гүлбануды анасы Гүлжан Имашева әлі күнге елге оралады деп күтіп жүр. Бірақ мына бір суыт хабар ана жүрегін алаңдатқанымен оған сенер емес. «Соңғы уақыттарда ол қоңырау шалып, ақша сұрады. Сол жақта екі қызын дүниеге әкеліпті. Кішісі биылғы жылдың тамыз айында дүниеге келген. Оларға не болғанын, қандай жағдайда, кімнің қолында қалғанын білмеймін», – дейді анасы Гүлжан Имашева. Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Кавказдағы әйелдер ұйымы өлім жазасына кесілгендердің аты-жөнін жариялады. Оның бірі ақтөбелік Гүлбану (діни есімі УммМариям) мен Дарина (УммМуса), тараздық Салтанат (діни есімі УммАтика). Олар ақшаның жоқтығынан жауынгерлік алаңнан жасырын қашып кетпек болып, екі әйел мен баланы өлтірген. Сонымен қатар жауынгерлерді кәпір деп атапты. Сол себепті Сирияд өлім жазасына кесілген. Гүлбанудың анасы мұның бәріне бұрынғы күйеу баласын кінәлап отыр. «Қызымның бұрыс ағымның жетегінде кетуіне күйеуі себеп болды. Ол күйеуімен колледжде оқып жүрген кезінде танысты. Күйеуі қызыма түрлі уағыз айтып, қара түсті жабық киім киюге мәжбүрледі», – дейді Гүлжан Имашева. Гүлбану Сирияға аттанар алдында өзінің барлық суретін жайған. Оның жалғыз суреті мектептегі құжаттарда сақталыпты. Гүлбану колледжде бір ғана курс оқыған екен. Бұрынғы оқытушылары оның жақсы студент болғанын айтуда. «Гүлбану Асанова бізде оқыған кезде өте жақсы студент болған еді. Жақсы оқыды. Алайда артынша тұрмысқа шығып, оқуын тастап кетті. Мінез-құлқы да өзгерді», – дейді Қандығаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің директорының орынбасары Мира Балымова. Қайғыдан қан жұтып отырған Гүлбанудың анасы билікке үндеу жолдады. «Депутаттар мен парламенттегілер, олардан (ред. радикалдық ағымдардың жетегінде кеткендерден) мемлекетті тазартыңдар. Тағы қанша адам өлуі керек? Олар жұмыс істемесе де отбасын асырап отыр. Қымбат көлікті қай ақшаға алады? Осыған неге қызығушылық танытпайсыздар? Неге олар заңға бағынбайды?», – дейді Гүлжан Имашева. Анасы қызы қайтыс болғаны күннің өзінде оның мәйітін көре ала ма? Бұл сұраққа жауап берген Қоғамдық даму министрлігіндегілердің сөзінше, өкінішке орай, Сирияда ажал құшқан қазақстандықтардың денесін тауып, таныған жағдайлар болған емес. Әдетте жауынгерлердің әрекеттері жүргізіліп жатқан жерде адамдарды бауырластар зиратына жерлейді екен. «Олардың қаншалықты қатысы бары, дұрыс жолдан тайғаны немесе алданып қалғаны, қолына қару алған-алмағаны анықталуда. Әрине, Сирияға аттанғандардың бәрін террорист деп айта алмаймыз. Жан-жақты тексеріс жүргізілгеннен кейін ғана шешім қабылданады. Теологтардың пікірін, олардың Сирияға аттанғандағы мақсатын, әлеуметтік желідегі парақшасы мен оқыған діни әдебиеттері ескеріледі. Бәр сот тәртібі арқылы жүзеге асады», – дейді Қоғамдық келісім комитетінің төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев.