Шудағы жантүршігерлік теміржол апатына қатысты жаңа деректер шықты
Бір адам қайтыс болып, бірнеше адам жарақаттанған оқиғаға кінәлі адам табылды.
Жамбыл облысы Шу ауданында жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына, шойын жол күтіміне жауапты бірнеше басшы азаматтар кінәлі болып шықты, - деп жазды КТК арнасы. Тексеру жүргізген Бас көлік прокуратурасы олар «өз ісіне немқұрайды қараған» деген қорытындыға келген. Яғни бақылаусыз қалған рельстер майысып, вагондар аударылған. Темір жолдың қайғылы жағдай болған бөлігіне Шу жол дистанция басшысының орынбасары, 2-участоктің басшысы және оның орынбасары сондай-ақ тағы бір жұмысшы жауапты болған. Құзырлы орын осы азаматтарды апатқа кінәлі деп тауыпты. Сот сараптамасы, тексеру жүргізген мамандар, куәгерлер де прокуратураның сөзін қуаттаған. Жалпы кісі өлімімен аяқталған апатқа қатысты 700 адамнан жауап алынып, 75 заңды және жеке тұлға жәбірленуші деп танылған. Төрт ай бойы тергелген іс Шу аудандық сотына енді жетті. Еске салсақ, маусымның 17-де Жамбылда №9-шы «Бәйтерек» жолаушылар пойызы апатқа ұшырап, бір жасөспірім ажал құшқан болатын. Тағы 11 адам түрлі дене жаратын алған еді.