Ораза Айтты тойлаудың жөн-жоралғыларын біле жүрейік
Айт мерекесі күндері ораза ұстауға болмайды. Өйткені айтта барлық мұсылмандар көңіл көтеруі керек.
Ораза біткен соң мұсылмандар Айт мерекесін тойлайды. Бұл араб тілінен аударғанда «мейрам» дегенді білдіреді. Әрине, айт күндері де шариғатқа қайшы істерден аулақ болғанымыз жөн. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да, сауапты амалдары мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ораза айт пен Құрбан айтта ауыз бекітуге тыйым салған. Ал оразаның қазасын айттан кейін кез келеген күні, келесі жылдың ораза айына дейін өтеуге болады. Айт намазынан кейін бүкіл жамағат өткен туыстарының, ислам ұлыларының қабірлерін зиярат етеді. Өткендердің, туыстар мен ғұламалардың рухына бағышталып, Құран кәрім оқылады, дұға етіледі. Содан соң үлкендердің, дос-жарандардың, таныстардың үйіне айттап барады. Егер туыстар бір-бірінен алшақ тұратын болса, бір-бірінің үйлеріне баруға жол ұзақ болатын болса, онда оларды айт мерекесімен құттықтаудың түрлі заманауи жолдары бар. Ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы, телефон арқылы да құттықтаған абзал. Туған-туыс, дос-жарандардың үйіне айттап барғанда: «Ораза қабыл болсын! Айт құтты болсын!» деп айтылады. Оған әркім әрқалай жауап береді. Біреулер: «Бірге болсын» немесе «Ортақ болсын!» деп те жатады, енді біреулер: «Айтсын, жақсылығы бірге болсын» дейді. Енді бұған қатысты дінімізде нақты бір осылай айтылып, осылай жауап берілуі тиіс деген сөз жоқ. Ең бастысы, ниет түзу болып, туыстық, достық қатынасты нығайтып, мерекеге шырай кіргізгеніміз жөн.