Ақтөбеде 7 жасар қыздың өлімінен соң жедел жәрдем диспетчері мен дәрігер жұмыстан шеттетілді
Ақтөбеде қызуы көтеріліп, есінен танған қызға көмек беруге жедел жәрдем кешігіп жеткен.
Жекеменшіктегі 103 қызметіндегілер шақыртуды қате қабылдап, дәрігерлер келгенше 7 жасар жеткіншек жан тапсырады. Қазір осы оқиғаға қатысты министрлік деңгейінде тәуелсіз комиссия құрылды, деп жазды КТК арнасы. Кешелі бері бұл ролик әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Көрген адам көзіне еріксіз жас алады. Пәтердің дәлізінде талып жатқан қыздың қолын анасы уқалап, кішкентай бауыры ауызына қасық салып отыр. Ең сорақысы, олар жеті жасар баланың әлдеқашан көз жұмғанынан хабарсыз. Ал жедел жәрдемдегілер кешігіп жеткенімен қоймай, ерте шақырмадыңдар деп шу шығарған. Баласынан айырылған Динара Баймағанбетова қызының сол күні қызуы көтеріліп, түске таман қалтырағанын айтады. Дереу 103 қызметіне бірнеше рет хабарласқан. Олар жетем дегенше, Інжу талып құлап, тілін жұтып қояды. Бұрын-соңды ол бұлай есінен танбапты. "12 минут мұрны бәрі, аяқ-қолы жып-жылы болып жатты. Жедел жәрдем ертерек келгенде балам тірі қалатын еді. Ештеме істеген жоқ. Мен жалындым. Балама көмектесші, әлі тірі деп",-дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара баймағанбетова. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жедел жәрдемнің 49 минут дегенде әрең жеткенін мойындап отыр. Онымен қоймай, диспетчерлер науқастың жағдайы туралы хабарды қате жазып алған. Үйдің мекен-жайынан да шатасыпты. Енді сол үшін жедел жәрдем диспетчері мен шақыртуға барған дәрігер жұмысынан қуылады. "Диспетчер мен барған дәрігер қазір жұмысынан шеттетілді. Дәрігер жағынан лиантологияэтика бұзылуы көрініп тұр. Қоңырауды қабылдап шатасқаны былай тұрсын, көмекке шұғыл зәру деген категорияға қоспаған"-дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова. Жедел жәрдем басшылары да жазасыз қалмайды деп сендірді шенеуніктер. Қазір қылмыстық іс қозғау үшін прокуратураға хабар беріпті. Айта кетелік, еліміз бойынша тек Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметі ғана жекенің қолында. Серіктестік негізінде әкімдік оны түрік инвесторларының қолына берген еді. Алғашқыда қызмет сапасы жақсарады деп сендіргенімен, әзірге 103 қызметіне шағымданғандар азаймай отыр.