Күйзелісте жүрді: Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген үндістандық студенттің соңғы күндері жайлы достары айтты
31 жастағы әйел шетелдік азаматпен бір түн бірге болған. Бірақ олардың неге жанжалдасқаны қазірге белгісіз.
Алматыда үндістандық студентті өлтірді деген күдікпен 31 жастағы әйел қамауға алынды, деп жазды КТК арнасы. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде білім алған Кумар Хемант қала ішінен бір түнге пәтер жалдап, ұсталған келіншекпен бірге көңіл көтерген деседі. Таң алакеуімде жараланған студентті пәтер иесі көріп, жедел жәрдем шақыртыпты. Алайда, қансыраған Үндістан азаматы ауруханада тілге келместен жан тапсырды. Қанды оқиға 9 қарашада осы пәтерде болған. Үндістандық студент бұл пәтерді бір түнге жалға алыпты. Қазір қылмыс болған жерде қан іздері сол күйі тұр. Ал, өз аяғымен үйге кірген студентті таңертең пәтер иесі қансыраған күйі тауып, бірден полиция мен жедел жәрдем шақыртыпты. Алайда денесі бірнеше жерден тілгіленген 23 жастағы Кумар Хемант тілге келместен ауруханада көз жұмды. Көпқабатты үйдің тұрғындары жантүршігерлік оқиғаны естіп, жағаларын ұстап отыр. "Балалар бар өсіп келе жатқан. Ол қыз педофил ма, кім біледі? Пәтер берушілерді ешкім тексермейді. Заңсыз жұмыс істейді",-дейді қала тұрғыны Дина Шәмілова. Үндістанның Бхаратпур қаласының тумасы Кумар Хемант Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетітінің 3-курсында оқыған. Халықаларық медицина факультетінің ақылы бөлімінде білім алған шетел азаматы үлгерімі нашар болып, 2 жыл қатарынан бір курста оқыпты. Ал оған университет жатақхана бермеді деген ақпаратты білім ордасы теріске шығарды. "Ол студент ешқандай өтініш білдірген жоқ. Тек бірінші курста жатақханада тұрды. Екінші курстан бастап ол жеке пәтерде тұрған. Қазір біз елшілікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Университет көмек көрсетеді",-дейді Қазақ ұлттық медициналық университеті коммуникация басқармасының басшысы Марина Тян. Курстастары Кумарды ешкімге зияны жоқ, қой аузынан шөп алмас момын жігіт еді деп еске алады. Сондай-ақ, отандастары оның соңғы уақытта күйзелісте жүргенін жеткізді. "Оның мұндай оқиғаға тап болғанын бірінші рет естідік. Оқу үлгерімі нашарлап, бір жылға қалып қойғанда, күйзеліске түскені есімде. Өзімен-өзі жүретін еді",-дейді К. Хенманттың курстасы Рави Сингамалла. Ал көпқабатты үйде орнатылған бейнебақылау камерасы көмегімен тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай күдіктіні құрықтады. Ұсталған әйел марқұммен бірге көңіл көтеріп, ішімдік ішкен көрінеді. Түнде бірге болған екеуінің арасында жанжал туындап, күдікті үндістандық азаматқа белгісіз затпен тап берген. Қамауға алынған келіншектің жүріс-тұрысы қандай болғаны тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, кемі 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал болашақта дәрігер мамандығын алуы тиіс Кумар Хеманттың мәйіті ертең туған елі - Үндістанға жөнелтіледі.