Ақмола облысында интернатта қайтыс болған 14 жастағы баланың анасы ұлын сыныптастары өлтірді деп отыр
Ал мектеп басшылығы Дәурен Меделхан өзі жататын бөлменің терезесінен секіріп кетті деп отыр
Степногорск қаласындағы дарынды балалар оқитын «Болашақ» мектебінде қайтыс болған Дәурен Меделханның ата-анасы, баласын біреу өлтірген деп санайды,- деп жазды КТК арнасы. Олар мемлекеттік оқу орнына сеніп тапсырған жасөспірімнің өмірі үшін мектеп-интернат басшылығы жауап берсін деп отыр. Жалғыз ұлынан айрылып, қайғыдан қан жұтқан ата-ана әділдік іздеп құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, шарқ ұрып жүр. Оқиға қыркүйектің 11-і күні болған.14 жастағы Дәурен Меделхан жатақхананың 5-ші қабатындағы бөлмесінің терезесінен түн ортасында секіріп кеткен. Бұл мектеп мұғалімдері мен полициянын айтуы. Ал сол күні кешке баласымен телефон аркылы сойлескен анасы бұған мүлдем сенбейді. Ол өзін өзі өлтірмегеніне сенімді. Мынау сол түні бейнебақылау камерасына түсіп қалған сәт. Сағат 1-ден өте Дәурен душқа жуынған. Мұнда 24 балаға 1 ғана кабина жұмыс істейді екен. Сондықтан кезек оған түнде жеткен. Ал, таңғы 5 жарымда Дәуреннің өлі денесін мектеп аспазы есік алдынан тауып алады. Мектептегілердің айтуынша, 14 жасар оқушы өз бөлмесіндегі терезеден секірген. Ал анасы үсті ғана ашылатын терезеден баланың секіруі мүмкін емес, біреулер лақтырып жіберді деп жорамалдайды. "11 күн бойы бірде бір тәрбиеші қарамаған балаларға.Заң бойынша олар жарты сағат сайын қарап отыру керек. Сенбеймін.Ол секірген жоқ.Ол баланы өлтіріп отыр. Бұнда тәртіп жоқ",-дейді марқұмның анасы Айгүл Райымбекова. Қайғыдан Дәуреннің анасы тілден айрылған. Ауруханада жатып, емделіп шыққаны осы. Енді баласының өліміне кінәлілердің сазайын тартқызбақ. -Мен Сізге айттым ғой,мен баламның қырқын берем,басын көтерем.Сосын Сіздің басыңызға жетем дедім ғой.Мен келдім. "Осы оқиғадан кейін қызметтік тексеріс болды. Маған, орынбасарыма психолог маман мен тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланды. Тәрбиешінің екі көмекшісі қызметінен кетті. Басқа ештене айта алмаймыз,тергеу жүріп жатыр ғой",-дейді «Болашақ» дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры Күлшира Тұрғанбаева. Енді марқұмның туыстары мектеп-интернат қызметкерлерін,сотқа бермек. Қазіргі таңда өлімге итермелеу бабы бойынша іс қозғалған. Тағайындалған сараптамалардың қортындысы шыққан соң процессуалдық шешім қабылданады дейді полицейлер.