Назира Бердалы: Арымды сатсам, байлардың ортасында жүрер едім
Белгілі ақын желіде беті жылтырап, өмірі мен арын сатқан "байлар мен бақыттылар" туралы ашық айтты.
"Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы". Қазақты ұлт ретінде сақтап келген дәл осы қағида еді. Қазір...Бұл ұғымның ішек-қарыны ақтарылып, сыртына шығып кетті. Мал үшін жан беруге даярмыз-ау, арды былай қойғанда. Әкем дүниеден өткелі бері ақ өлім жайлы көп ойлаймын. Менің әкем үнемі ат үстінде жүрді, қызметте болды, бізді ешқашан тарықтырған жоқ. Қолында біраз мүмкіндік бола тұра, ешкімнің ала жібін аттамады. Байлық жимады. Қиянат жасамады. Ажал сәті келгенде сөйлеп отырған жерінде, күлімдеген күйі жүріп кетіпті. Сары майдан қыл суырғандай... Арыңмен келісімге келсең, адам өлтіріп те мал табуға болады. Бәрі сол ішкі таразының жұмысына байланысты. Ар жағы шикі екенін сезе тұра бүгін өмір сүріп қалуға тырысып жанталасатындар: а) өз идеясына шексіз сенетіндер; б) Құдайдың мейірінен күдер үзгендер (қатты қиындық көргендер) деп ойлаймын. Әйтпесе, мүмкін емес қой-біле тұра алдау, өзіңді де, өзгені де... Мен "баймын, бай боламын, байыта көр" деп дұға жасамаймын. "Қайырсыз ақшадан сақта" деймін. Қазіргі псиxологтардың пайымынша бұл кедейлік псиxологиясы шығар. Миымда кедергілер көп, бәлкім? Бола берсін. Елді жылатып салған үйі өртеніп кеткен, жалғыз баласы жамандыққа ұшыраған, жазылмас дертке шалдыққан талай байды көрдім. Қайырсыз ақшадан сақта! Қайта оларды Құдайдың жақсы көргені шығар деп ойлаймын, есепті осы дүниеде түгендеген. Маған тағдыр қанша рет оңай ақша ұсынғанын, ақшаға ар сатудың қанша мүмкіндігі болғанын сіздер білмейсіздер! Байлықты таңдасам, қазір сол байлардың қатарында жүрер едім. Сөзсіз. Мидағы кедергілер жайлы айттым ғой, солар мені үнемі сақтап қалатын. Басқаша айтқанда, Құдай сақтайтын! Сол себепті, мен көзім анық жетпеген, күмәнді кәсіппен айналыспаймын. Таза еңбекпен мал тауып жүргендерді қатты құрметтеймін! Жалпы, кәсіп деген - өзің жасаған бұйымды немесе бойыңдағы өнерді сату. Журфакта Жарылқап ағай айтатын: егер сен газет шығарып, сол газетіңді көшеде тұрып сатсаң, кәсіпкерсің. Ал, біреудің шығарған газетін сатсаң - алыпсатарсың деп. Әркім жан-дүниесіндегі бос кеңістікті бір нәрсемен толтыруға тырысады. Байлық қуу да жүректегі жыртықты жамаудың бір формасы. Бәрін түсінемін. Ешкімді айыптамаймын. Малым жанымның, жаным арымның садағасы!",-деп жазды ақын Назира Бердалы.