Басты жаңалықтар

“Ақтөбе” клубын  108 миллионға сатып алған  Смақов ақшаны қайдан алғанын айтты

Қарызға батқан клубтың бұған дейінгі шығындарын да Самат Смақовтың өзі төлейтін болды.

Самат Смақов «Ақтөбе» футбол клубының иесі атанатыны туралы қауесет ел арасында тарағалы біраз уақыт болған. Спортшының  мұндай шешімді ойламаған жерден қабылдаған,  деп жазды КТК арнасына сілтеме жасаған KYN.KZ. Бәс саудаға Смақовтан өзге ешкім қатыспаған. 15 миллион теңгені алғашқы жарнаға төлеп, сенімгерлік басқаруға алды. Ал 108 миллион теңгенің қалған бөлігін жеті жыл ішінде өтеуі тиіс. Оған қоса осы күнге дейін жиналып қалған қарызды да бас директор өз мойнына алып отыр. Әсіресе, легионерлерге берешегі шаш етектен. Дегенмен, клуб жекеге өткенімен қазынаның ақшасынан құр қалмайды. Келер жылдың өзіне бюджеттен екі миллиардттай ақша қарастырылыпты. Енді Самат Смақов қарамағындағы қызметкерлерінің 70 пайызының қызмет орнын сақтап қалуға міндетті. Сонымен қатар балалардың футбол орталықтарын дамытуды мойнына алған. Егер бұл жауапкершіліктен қашқақтайтын болса, клубты әкімдік кері қайтарып алады. "Үшінші рет бәс саудада ешкім сатып алмаса клубты билік таратып жіберер еді. Сондықтан жақындарыммен, таныстарыммен кеңесіп, өзім сатып алуды жөн көрдім. Бұл клуб мен үшін қымбат. Кейбір білгіштер клубты жауып, жаңадан ашу керек еді деп жатыр. Бірақ қаншама жылдық тарихты қалай жоқ қылуға болады? Оған дәтім бармады. Халықты "Смақов осынша қаржыны қайдан алды екен" деген сұрақ мазалап жатқанын білемін. Екі жыл бойына жүгері күзетпегенім анық. Футбол ойнап таптым",-деді «Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов.