Басты жаңалықтар

Талдықорған әкімі үй кезегіне наразы көп балалы аналарды некесіз бала тапты деп айыптады

Көп балалы ана әкімге: Неге жеке өмірімізге араласасыздар? Айтыңыздаршы! Не үшін?

Алматы облысында алтын алқадан бас тартқан аналарға қатысты дау ушыға түсті. Марапаттың орнына, баспана даулаған әйелдерді әкіммен кездесуге шақырып алған қоғамдық ұйым басшылары күтпеген жерден олардың өздерін жерден алып жерге салды,  деп жазды КYN.KZ  сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Атап айтқанда, кейбірінің некесіз бала тапқанын бетіне басты. Көптің көзінше көпбалалы аналардың жеке басына тиіскендерге қой дейтін жан табылмады. Керісінше, басшылар алтын алқа иегерлеріне арналған мемлекеттік бағдарлама жоқ деп шорт кесті. Бұл 15 жылдан бері үй кезегі жылжымай, көзі жасқа толған көпбалалы аналар. Кеудесін кернеген ызадан бәрі бірауыздан алтын алқадан бас тартып, әкімге қайтарған. Шу шығып өршіп кетпесін деді ме, Талдықорған басшысы аналарды қайтара кездесуге шақырып алды. Үйден үмітті жандардың бірі қалмай бәрі жетіп барған. Алайда, жұрт жақсылық күткен жиынның соңы қып-қызыл жанжалға ұласты. Шенділер бастаған қоғамдық ұйым басшылары әйелдердің адалдығына күмән келтіріп, некесіз бала тапқандарын бетке басты. "Неге өмірімізге араласасыздар? Айтыңыздаршы! Не үшін? Мен де ажырасып кеткенмін! Не үшін деп сұраңыздаршы ал? Кім біздің сөзімізді сөйлейді? Кім түсінеді бізді? Онсыз да ішіміз күйіп барады!",- деп ашынды Талдықорған тұрғыны. Көптің көзінше көпбалалы аналардың жеке басына тиіскенде Талдықорған әкімі  «тәйт» деген жоқ. Керісінше, алтын алқа иегерлеріне арналған мемлекеттік бағдарлама жоқ деп шорт кесті. "Көп отбасылы аналарға үй салу жайында  қарап көреміз. Ал бүгінгі күні менің сіздерге беретін 150 шаршы метрлік  үйім жоқ",-деді Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев. Көп балалы отбасыларға үй табылмаған Талдықорғанда дегенмен баспана бағдарламасы жүзеге асуда екен. Бірақ, тек әкімнің қарамағындағыларға ғана беріліп жатыр. "Бұндай  құрметтің керегі жоқ. Сайтында 130 боп тұрмын. Ал ЦОН-ға барам 258-ші боп тұрсың дейді. Кейін өз қолдарымен түзеп берді", -  дейді көп балалы ана йнагүл Тоқпанбетова. Кезекті қаламмен түзегендер кездесуде мардымды жауап қайтара алмады. Әдеттегідей, бәрін тексеріске ығыстырып қоя салды. Ал қазақтың санын көбейтіп, ұрпақ жалғасына үлес қосқан аналар құр қол қайтты.