Сотта алғаш рет Рахман Омардың бірінші әйелін өлтірген күдіктінің қылмысты қалай жасағаны айтылды
Рахман Омар бірінші әйелін өлтірген күдіктіден 100 миллион өтемақы сұрады
3 баланың анасын асқан қатігездікпен өлтіргені үшін 100 миллион теңге! Алматыда белгілі тележүргізушінің бұрынғы әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктіден марқұмның туыстары қомақты өтемақы талап етті, деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Десе де, пәтер қожайынына 8 мәрте пышақ салды делінген Сүлейменованы бұл сома селк еткізген де жоқ. Керісінше, артында бірде-бір мүлікінің жоқтығын алға тартқан келіншек көк тиын да төлемейтінін ашық айтты. Ол аздай, өзін тым еркін сезінген күдікті судьяның қойған сұрақтарына да жауап беруден бас тарты. Асқан жауыздығымен елдің назарын аударған Сүлейменова телеарналарға өзін түсіруге тыйым салған. Ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанына қарамастан, судья оның азаматтық құқығынан аттап өте алмады. Сүлейменова тұрмақ, оның адвокатының да түрін көрсетуге рұқсат жоқ. Басқалардан бет-жүзін жасырған әйел бүгін, тіпті, судьяның өзіне жауап бермеді. Бірақ та, күдікті қанша жерден қылық танытса да, іс тоқтаған жоқ. Керісінше, прокурор бұған дейін айтылмаған деректерді жариялады. "Күдікті Гүлдерайым Омароваға терең пышақ іздерін салған. Бірнеше қайтара жасалған соққыдан Омарова бірден көз жұмған. Жарақаттарды ескере келе, марқұмның денсаулығына аса ауыр зиын келтірген деген қорытынды жасалды",-депмемлекеттік айыптаушы Ермек Қашағанов. Бұған дейін тек тергеушіге ғана мәлім болған жайттардан жан түршігеді. Сөйтсе, Сүлейменова ісін бітірген соң марқұмның қанға бөккен киімдерін кір жуатын машинада жуып қойған екен. Ал аяқ киімін пакетке салып, тығып тастаған. Ал қорқыныштысы сол, психологиялық сараптама Сүлейменованың аффекті күйінде болмағанын, яғни шіміркпестен өлтіргенін растаған. Сіңілісінің қиналып өлгенін естіген әпкесі көз жасын тоқтата алмады. Қабырғасын қайыстырған қазаның өтемі ретінде жәбірленуші жақ күдіктіден 100 миллион теңге сұрады. "Моральдық шығынымызды өтеуді талап еттік 100 миллион теңге көлемінде. Ол біздің құқығымыз. Бірақ адамның өмірі әрине онымен теңелмейді. Дегенмен де салмақтың қандай екенін көрсін",-дейді актер Рақман Омар. Десе де, Сүлейменованың салмақты сезінетін түрі жоқ. Сотта өзін тым еркін ұстаған келіншек көк тиын да төлемейтінін беттеріне айтты. Ал судья істі созбалаңға салмай, санаулы күннен соң үкім шығармақ.