Қазақстандық химик Зұлқайыр Мансұров ЮНЕСКО медалімен марапатталды
Марапаттау рәсімі 22 қарашада аталған ұйымның Париждегі бас пәтерінде өтті.
Танымал отандық химик ғалым Зұлқайыр Мансұровқа ЮНЕСКО-ның «Наноғылым мен нанотехнологиялар дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі. Медаль тұжырымдамасын 2010 жылы ЮНЕСКО Бас директоры бекітіп, сол кезден бері ол жыл сайын осы саладағы әлемдік ғылымның алға басуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ұйымдарға беріледі. Отандық ғалым биыл өзінің «нанокөміртек материалдарын өңдеу, көміртекті нанотүтіктер мен графендерді жану күйінде синтездеу технологияларына зерттеуге қосқан үлесі» үшін марапатталды. Медальді табыстаудан кейін сөйлеген сөзінде З. Мансұров ЮНЕСКО-ға жүргізген зерттеулеріне осындай жоғары баға бергені үшін ризашылығын білдіріп, қазақстандық ғылымның жеңістерін бүгінгі таңда ғалымдарымыз, әсіресе жастар, әлемнің жетекші зерттеу орталықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға барлық мүмкіндіктерге ие екенімен байланыстырды және оған жағдай жасаған Елбасы бастамасымен жүргізілген жүйелі реформалардың арқасы екенін атап өтті. Рәсімге қатысқан Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев отандасымызды жылы құттықтап, осы медальдің оның отандық және халықаралық ғылыми қауымдастыққа сіңірген адал еңбегі, наноғылым мен нанотехнологияларға қосқан маңызды үлесінің лайықты мойындауы ретінде қарастыратынын жеткізді. Биыл аталған марапатқа Мансұровтың Ресей, Франция, Аустралия, Финляндия, Аустрия, Грекия, Мысыр мен АҚШ сияқты мемлекеттерде еңбек етіп жүрген тағы да тоғыз әріптесі ие болды. Зерттеулерінің нақты қолданыс салаларына электроника, телекоммуникациялар, машина және құрал жасау, медицина, материалтану мен көптеген басқалар жатады. Медальмен осы кезге дейін марапатталғандар арасында физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары Исаму Акасаки мен Жорес Алферов, Қытай ғылым академиясының президенті Чуньли Бай бар. Профессор, химия ғылымдарының докторы Зұлқайыр Айтмұхаметұлы Мансұров ҚР БҒМ Жану проблемалары институтының Бас директоры. Танымал ғалым көп жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде көп жылдар бойы еңбек етті, соның ішінде он бес жыл бойы проректор ретінде. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік премиясы мен Қаныш Сатпаев атындағы премияның лауреаты.