Басты жаңалықтар

Алматыда қайырымды азаматтар бірігіп екі қолынан айырылған жігітке үй алып берді

Мейірімді жандар Болат Әбілдиновтің үйіне азық-түлікті де толтырып тастады.

Алматы облысының Қаратал ауданында қайырымды азаматтар ақша жинап, мүгедек азаматқа баспана алып берді, деп хабарлайды Қазақпарат. Үштөбе қаласының тұрғыны Болат Әбілдинов екі қолы жоқ бірінші топ мүгедегі. Ол үй кезегінде тұрғанымен жақын арада үйлі болуы екіталай еді. Сондықтан әкімдік қызметкерлері ақылдаса келе жомарттық танытады. Олар қор ашып, жалақыларынан ақша аударады. Игі іске тұрғындар да атсалысты. Ақырында жиналған 800 мың теңгеге үш бөлмелі жер үй сатып алды. Бұл үйге жөндеу жұмыстары керек. Мешіт өкілдері зекеттен түскен бірнеше қап цемент пен азық-түлік жеткізіп берді. “Бәріне  алғыс айтам. Үйлі болдым. Жөндеу жұмыстарын өзім ақырындап жасап алам. Әкімдік жаңа жылдан соң су қосып беруге уәде етті”, – дейді Болат Әбілдинов.