Таразда халықтың үрейін ұшырған базардағы өрттің неден шыққаны анықталды
Енді базар қожайынына ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
Тараз халқының үрейін ұшырған базардағы өрттің неден шыққаны анықталды. Сауда орталығында қауіпсіздік ережелері сақталмаған болып шықты. Нәтижесінде электр сымдары қысқа тұйықталып, өрт шыққан. Бұл туралы КТК арнасы жазды. Әлеуметтік желілерде халық “Ауыл береке” базары өртке оранды деп шуласқан еді. Бірақ та отқа оранған аумақ өзге кәсіпкердің меншігі болып шықты. Қазіргі уақытта өртеніп кеткен сауда орнынан ештеңе қалмаған. Ал шығынды қалыпқа келтіру оңайға соқпайтын секілді. Өрт шыққан кезде тараздықтардың жүрегі дір еткені рас. Аяқ астынан тұтанған от лезде дүңгіршіктердің дымын қалдырмады. Ал тауарын ойлаған саудагергер отқа түсуден де тайсалмады. Ақырында 8 техника мен 51 өрт сөндіруші жұмылдырылып, бір сағатта өрт сөндірілді. Десе де, 22 сауда орнының күл-талқаны шықты. Ондағылардың дені киім сату орындары болыпты. Ал базар басшысы журналистерге жауап беруден бас тартып, 8 кәсіпкерге бас-аяғы 580 мың теңге шығын келгенін растады. Басшылық кеткен шығынды өзім төлеймін деп отыр. Өзінің кінәсін сезіп тұрғандай. Себебі өрт қауіпсіздік ережелері сақталмағандықтан тұтанған. Бұл орайда жауапты мамандар неліктен базарда тексеру жұмыстары жүргізілмегенін түсіндірді. “Нысанға тексеру жұмысы жүргізілмеді. Себебі Жәнібекова сауда бутиктерін жалға басқа жеке кәсіпкерге беріп жіберу салдарынан кәсіпкерлік кодексте тиісті норманың жоқтығына байланысты тексеру жүргізе алмадық. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан болған”, – дейді Жамбыл облыстық ТЖД басқарма бастығы Мақсат Әкімбаев.