Тамара Асар: Анам 1 желтоқсан күні басын құбыладан көтермей Жаратушыға жалбарынумен болады
Әнші тура осы күннің бір өзіне емес бүкіл әулетіне ауыр болғанын есіне алып, басынан өткізген қиындығын баяндап берді.
Танымал әнші Тамара Асар 1 желтоқсанды екінші мәрте дүниеге келген күні деп есептейді. Себебі өміріндегі ең қайғылы күн осы күні орын алған. Қиындықты қалай жеңіп мерекеге айналдыра алғанын түсіндірген әншінің батылдығына оқырмандары қайран қалды. "1998 жыл. 1 желтоқсан. Таңда, түс көріп ояндым, түсімде бір туфлиім жоғалып, оны ағаштан жонып отыр екенмін. Киіп қарап, билеп көріп, әлі жонып отырмын… Бастырылып, тұншығып жатырмын, оянып кетсем түсім. Атып тұрып терезеге үңілдім, жапалақтап қар жауып тұр. Жүрегім тарс-тарс ұрып, өзім сүйетін, «алақайлап» күтетін қардан шошыңқырап қалдым да, «Жақсылығыңмен жаушы, саған тайып жығылып, бір аяғым сынар ма екен», – дедім де, дереу: «Әй, сынса әкем сынықшы, салып берер», – деп терең тыныс алып, ойымды тез ұмытуға тырыстым. Иә, мен сол күні дүниеге қайта келдім.Аяғымнан айырылдым, жамбас, беломыртқа сынып, тағы басқа да жарақаттар алсам да, жаным аман қалды. Жан-жүрегім, бауырым, ағам АқБекошым аман қалды. Шүкір! Бізді анамыздың тілегі,әкеміздің сынықшылық қасиеті, туған нағашы ағаларымыз Жоламан мен Аманқостың шипалы қолдары, медицина, псиxология, бәрі-бәрі бірігіп, кәдімгі шашылып қалған пазлдарды жинағандай қайта құрастырды. Тылсым дүниенің тұңғиығына сүңгіп, он сегіз мың ғаламдағы жыбырлаған тіршіліктің әр молекуласының қадірін 1 желтоқсан түсіндірді маған. Бұл менің екінші туған күнім.Әр жылы қыстың алғашқы күні жақындағаннан қорқынышы үдейіп, иманы үйірліп, жеті нанын тарқататын, құбыладан бетін бері қаратпай, Жаратқанына жалбырынатын күні болды. Ал мен анама: «Апа, қорықпаңызшы. Көресіз, дәл осы күнді бүкіл қазақ тойлайтын мерекеге айналдырамын!» – деп сандырақтап, армандайтынмын. Себебі ішкі қорқынышымды, жақсылыққа жорып, жеңіп, той жасағым келетін. Міне расымен де Алланың құлағына шалынып бүкіл ел тойлайтын Патшамыздың күні осы қыстың алғашқы күні болды",-деп жазды Әнші Тамара Асар желідегі парақшасында.