Басты жаңалықтар
Қызылордада шенеуніктер Жаңа жылдық кештің орнына қайырымдылық жасайтын болды
- автор kyn.kz
- 27 желтоқсан, 2018
- 234
Олар тұрмысы төмен отбасының балаларына сыйлық таратуды жоспарлап отыр.
Биылғы жылы қызылорда өңірінің шенеуніктері Жаңа жыл мерекесін ұжыммен тойламайтын болды, деп жазды KYN.KZ. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызметкерлер ісі және жемқорлықпен кұрес департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Өңірдегі барлық мемлекеттік мекемелерге Жаңа жылды дүрілдетіп тойламау жайлы ұсынысты біз тастадық. Ұсыныс бірден қолдау тапты. Бірақ бұл дегеніңіз ұжымдық жиындарға, мерекеге орай әріптестердің бас қосуына мүлде тыйым салынды деген сөз емес.
Кей мекемелер банкет те жасайды әрі біздің ұсынысымыз бойынша әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға көмектесіп, науқас балаларға сыйлық та әзірлейді. Мақсатымыз, мерекеде сыйлық күтетін барлық баланың әсіресе материалдық жағдайы төмен отбасылардың балаларына қуаныш сыйлау",- дейді баспасөз баянында.
Қазірге бұл ұысынысты аудан әкімдіктері мен облыстық департаменттер қолдаған. Сонымен қатар, мереке кезінде мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беретіндер мен сыйлық алатындар департаменттің жіті бақылауында болады екен.