Басты жаңалықтар
Астана маңында құлдықта болған ер адам басынан өткен жағдайды айтып, жұртты шошытты
- автор kyn.kz
- 27 желтоқсан, 2018
- 240
34 жастағы жігіт 3 ай бойы Ақмола облысында мал бағып, бір тиын ала алмадым деп налиды.
Қожалық иесі адам төзгісіз жағдайда ұстаған көрінеді. Басына түскен жайды айтқан ол полицияға арыз тастаған.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
30-дан асқан Сембол Төлеухан бес жыл бұрын Моңғолиядан тарихи отанына оралыпты. Жұбайымен жұбы жараспай ажырасып, базар маңын жағалай тиын-тебен тауып келіпті. Өзі сияқты қандасымыз оған Астанадан қашық жердегі Еркіншілік ауылының шаруа қожалығында жұмыс істеуге шақырып, жалақы төлеуге уәде берген екен. Бірақ үш ай бойғы еңбегім үшін ақы алмадым, дейді. Құлдың күйін кешіп, Еркіншіліктен еркіндік аңсап қаштым деп отыр.
«Үлкен базасын салдық. 90-дай сиыр бағамыз. Тезегін тазалаймыз. Бәрін істедік. Бір теңге бермеді, алдап-сулады. Бір рет қаштым. Пойыздың ішінде ұсталып қалдым», – дейді Сембол Төлеухан.
Манат есімді қожалық иесі ұрмаса да, қоқан-лоқы көрсетумен болған көрінеді. Мыңғырған малы болса да, жарытып тамақ бермеді, дейді Сембол.
«Бір жарты арақ береді, норма сол. Екі адам ба, үш адам ба, бәрі бір. Бірден артық бермейді, ақша бермейді. Үш ай құл қылып, бір суға түсірген жоқ. Шын жүрекпен айтамын. Шындық, тек қана шындық. Міне, биттеп жүрмін», – дейді Сембол Төлеухан.
Ал Сембол айыптаған кәсіпкердің айтуынша, құлдықта ешкімді ұстамаған. Құжатын жоғалтып, тентіреп жүрген Семболға көмектескім келді, дейді. Алайда, мал бағуға келіскен ол ішімдікке салынып, қожалық мүлкін талан-таражға салды деп отыр.
«Араққа салынып кетті. Жұмыс істемеді. Күнде ішті. Менің базағы заттарымды сатты. Бәрін сатып, маза бермеді. Бір күн ішсе, ертеңінде жұмысқа шықпайды, жатады үйде. Масқара ішетін. Сонда да енді бір жерден келдік қой деп, мен ештеңе демедім. Жұмыс-шаруаңды істедің ғой, еңбегіңді берейін дедім. Өзі қашып кетті, енді жоқ. Кеткені түк емес, тағы еңбегімді бермей қойды деп арыз жазыпты менің үстімнен», – дейді кәсіпкер Манат.
Өзін құлдықтан қаштым деген Сембол Төлеухан полицияға арыз жазды. Астаналық тәртіп сақшылары істі Ақмола облысының департаментіне жолдапты. Ондағылар ақ-қарасын анықтамай, әзірге түсінік бере алмаймыз деуде.