Жамбыл облысында қожайыны мен оның екі баласын азаптап өлтірген малшыға сот үкімі шықты
Малшының сөзінше қожайыны оны құлша жұмсап, бір күн бұрын аяусыз соққының астына алған.
Шаруа қожалығының иесін және оның ұлы мен қызын өлтірген қаскөй енді 21 жылын темір торда өткізеді. Оның бойында психикалық ауытқуы бары анықталды, деп жазды KYN.KZ КТК арнасына сілтеме жасай отырып. "Ол адам өлтірем деп ойлаған жоқпын дейді. Оның жауаптарымен сот келіспейді, өйткені адамды балғамен бастан ұрса, пышақты денесіне тықса, адам өлтіруге ой болмаған деп сенуге болмайды ғой",-деді сот төрағасы. Бүкіл өңірді дүр сілкіндірген қанды оқиға 4 ай бұрын Шу ауданында болған. Қойлы ауылда таң сәріде ұйқыдан тұрған шопан ай-шайға қарамай қожайынды балғамен ұрып, кейін пышақтап өлтіреді. Артынша кәсіпкердің ұйқыда жатқан 16-17 жастағы екі баласын төсектен тұрғызбай бірінен соң бірін бауыздап тастаған. Сөйтіп үйдегі ноутбук пен ұялы телефонды алып із суытыпты. Алайда қаскөй ертесіне ұсталды. 42 жастағы қылмыскер бұл асқан қатыгездікке жұмыс берушіге ренжіген соң бардым деп ақталған. Өзінің айтуынша, қожалық иесі оны құлша жұмсап, итше тепкілепті. Ал сол жантүршігерлік оқиға болатын күні кәсіпкердің жұбайы құдай сақтап үйінде болмаған.