Басты жаңалықтар
Адам шошырлық жол апатында актрисамен бірге қайтыс болған жүргізушінің несиесін достары өтемекші
- автор kyn.kz
- 9 қаңтар, 2019
- 203
Марқұм Бақытнұрдың достары оның бұл өмірде өтелмей қалған қарызын толық өз мойындарына алып отыр.
Бұл туралы Kyn.kz сайты Қамшы порталына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
29 желтоқсан күні таксилетіп жүріп о дүниелік болған Бақытнұр Құнапияұлы сұраусыз кетпесе екен деп жазған болатынбыз.
Жалғыз анасы мен бауырлары Қытай асып, марқұмның жетісіне қатыса алмай, бір уыс топырақ тастай алмағанын да тілге тиек еттік. Бауырындай болып кеткен досы Қанаттың аузынан марқұмның басында бір емес, бірнеше несие бар екендігін естіп қалдық.
Достарының "жиналып, несиесін жауып бермекпіз" деген ниеттеріне риза болдық. "Алайда марқұм қандай банктен несие алды, қайтыс болған адамның қарызы кешіріле ме?" деген сұрақтардың жауабын алғымыз келді.
Белгілі болғанындай, Бақытнұр Құнапияұлы Каспи банктен несие рәсімдеген. Әзірге қай жылы, жалпы қандай сома алғандығы белгісіз. Қалған соманың мөлшері – 1 022 962 теңге, қарызды бірден жапқан жағдайдағы сома мөлшері – 894 673 теңге. Марқұм қаңтардың 25-не дейін 40 610 теңге төлем жасауы шарт болған.
Ұзынағаштағы жиендерінің айтуынша, бұл екінші несиесі. Сонымен қатар марқұм Бақытнұрдың «Нұрбанктен» алған несиесі тағы бар. Алайда бұл ақпараттың рас-өтіріне көз жеткізе алмадық. Банк ресми хатты талап еткендіктен, дәл қазір оқырманға нақты цифрларды ұсына алмаймыз.
Туған нағашысы Ғанидің сөзін негізге алсақ, жалпы 1,5 миллиондай берешегі болуы керек. Марқұм келер жазда бір басын екеу етіп, үй салмақшы болған екен. Алайда ол арманына қол жеткізе алған жоқ.
Каспибанкке де қоңырау шалдық. Олар да әзірге үнсіз. «Қамшы» заңгер Қайрат Жүкелден аталмыш жағдай бойынша кеңес алды.
-«6 ай көлемінде марқұмның мұрагері анықталады. Туған анасы не туған аға-інісі болса, «мұрагер атану» туралы арыз жаза алады. Бұл жағдайда ол марқұмның мүлкіне ие болады. Сонымен қатар қарызын да төлеуге міндеттеледі. Толық соманы пайызбен, не пайызсыз төлейтінін банк өзі шешеді», - деп түсіндірді Қайрат Жүкел.
Марқұмның қырқына да аз уақыт қалды. Жетісін, қырқын өткізуді өз мойнына алған нағашысы Ғани "Қытайда тұратын марқұм Бақытнұрдың анасы баласының қырқына үлгеріп келсе екен" деп уайымдап отыр.
Жаңа жыл, Рождество мерекелеріне байланысты ҚР СІМ Қытай тарапына Бақытнұр Құнапияұлының қайтыс болуына байланысты туысқандарын Қазақстанға шақырып, анықтама қағазын жібермепті.
Осы бір мәселенің тезірек шешімін табуын марқұмның туысқандары тілеп отырған жайы бар. «Қамшы» ақпарат агенттігі өз кезегінде министрлікке де хабарласып, мән-жайды анықтауды міндет етіп алды.
Сонымен қоса, үш адамның ажал құшуына себепкер болған күдікті Кар Ильястың "Гелендваген" көлігін туысқандары «Тас кредитке» ұсынып, ақша алмақшы болғаны белгілі болды. Алайда машина мүлдем жарамсыз болып қалғандықтан мекеме ұсынысты мақұлдамаған.