Басты жаңалықтар

Сириядан Қазақстанға жеткізілген әйел: Күлерімді де, жыларымды да білмеймін. Өзімді сатқын сезінемін

Соғыс ошағынан елге жеткізілген 47 адам бастарынан өткен қиындық пен қорлықты жылап отырып баяндады.

Еліміздің арнайы қызметі Сириядағы 47 отандасымызды елге қайтарды. Бұрын-соңды болмаған ауқымды құтқару операциясының видеосын бүгін Ақорда жариялады. Соғыстан әбден қажыған әйелдер мен кішкентай ұл-қыздардың елге оралуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, енді оларды алда не күтіп тұрғанын айтты. Құтқарылғандардың барлығы әйелдер мен олардың шиеттей бала-шағасы. Қымтана киінген келіншектер кезінде күйеулерінің соңынан еріп, Сирияға аттанған, деп жазды KYN.KZ KTK арнасына сілтеме жасай отырып. Бірақ оларды құтқару оңайға соққан жоқ. Алдымен, бірнеше ай бойы құпия келіссөздер өткен. Өйткені бұрын жатжерліктердің арбауында болған отандастарымызды бірнеше мемлекеттің аспанымен алып ұшу ұзақ келісімдерді қажет етеді. Тек содан кейін ғана Ақтаудан Сирияға арнайы ұшақ жіберіліп, Ұлттық қауіпсіздік қызметі тағдыр тәлкегіне түскендерді елге алып келді. Құтқарылғандар саны 47 адам. Олардың 11-і әйел, 30-ы 1 және 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер. "Олардың барлығы террористердің бақылауында болған. Біраз адамдар айтқанға алданып сол жаққа барды да көпшілігі сол жерде соғыстың арасында қайтыс болды. Ал, мына адамдарды біз мемлекет ретінде қолдау көрсетіп, бізге достық қарым қатынасы бар мемлекеттің көмегіменен Қазақстанның ұшағымен алып келдік",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. " Мен қазір өзімді отаным Қазақстанның алдында қарыздар сезініп тұрмын. Мен қазір не жыларымды не күлерімді білмеймін, таң қалып тұрмын. Қуанышымда шек болмады. Басында өзімді отанын сатқан адамдай сезіндім. Ал отандастарым мені қийн жағдайда өз үйіме қайтарып алды",- дейді келіншектердің бірі. Осылайша әйелдер оңалту орталығында бір ай өмірге қайта бейімделуі тиіс. Кейін арнайы қызметтің жат діннің шырмауына түскендерден жауап алары белгілі. Сөйтіп, олардың  отбасымен бірге  шетел асуына кімдердің түрткі болғаны анықталмақ. "Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүрсе де қолдау болатынын көрсетіп отырмыз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Көз жасын олардың көрдік. Сондықтан осы шаруа басқаларға тиісті мәлімет береді. Және болашақта мұндайдың болмауына жағдай жасайды. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейін айта жатар",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Арнайы қызмет соғыс ошақтарында жүрген жерлестерімізді елге қайтару ісін жалғастыра бермек.