Жүнісова бай болмаса да не үшін бар ақшасын шашып жүретінін айтты
Әнші: Әкімнің әйелі болған кезімде де ақша мен дүниеге қызықпаппын.
Танымал әнші Мақпал Жүнісованың жомарт екенін білетін халықтың қарасы көп. Ол айналасындағыларға қалтасындағы барды шығарып бересалатын ашық адам. Осындай әрекеттерінен кейін болар тіпті оның Алматыдағы үйінің есігін қағып, көмек сұрайтындар мен желі арқылы киген көйлектеріне құда түсетіндер көп екен. "Мен киген киімді сыйға беру дегенді мүлде түсінбеймін. Қалай бересің? Киген киімнің барлығына мысалы менің терім сіңіп қалады ғой. Өзіміз отбасында алты қыз, екі ұлмыз. Аптасына бір мәрте киім тіктіруге барамын десем өтірік емес. Сол жаңа киімді киіп шықтым ба бітті. Бір сіңлім "мынаны маған бересің" деп еншілеп отырады. Сосын сол көйлекті айтқан туысыма беруге тура келеді. Көптеген әншілер киген киімдерін сатады екен деп есітіп жатырмын. Ондайды ұнатпаймын",- дейді Мақпал Жүнісова. Әнші тойлағра әсіресе мерейтойларға үлкен кісілер көп шақыратынын айтады. "Сол апалар мен аталар тойға жиі шақырады. Тапқан табысымды да сол тойлардан аламын. Ақша қалай болады, солай өз жөнімен кетеді ғой. Адамдарға сыйлық жасап, туыстарымның жақсы тамақтанып отырғанын қалаймын. Кезінде Зәкең екеуіміз жиырма жыл бойы ақша жинап, бір күнде ұрлатып алдық. Содан кейін ақша жинауға қызықпаймын. Жалғыз қызыма да ешқандай жинаған ақшам жоқ. Оған "Оқытамын, бәрін көрсетемін. Мына үйді өзіммен алып кетпеймін, саған қалады. Осыны сатып пәтерде тұрсаң да күніңді көресің. Мен шопырдың қызы едім, әкең әкесін де көрмеген, жалғыз анасының тәрбиесін алған. Оқудың арқасында қаланы басқаруға дейін көтерілді. Тым болмай жатса бір жерде ағылшынды аудар, екінші жерде еден жу, үшінші жерде тағы бір жұмыс табылар. Еңбек еткен адам өлмейді" деп түсіндіремін. Сондықтан мен қолымда барымды айналамдағыларға шашып жүргенді ұнатамын",- дейді әнші.