Ақтөбелік таксиші екі жігіт жолаушы ұмытып кеткен қомақты қаржыны иесіне қайтарып берді
Көпшілік жігіттердің азаматтығына қайран қалды, ал полиция басқармасы оларды марапаттады.
Ақтөбеде такси жүргізушілері көлікте 1,1 миллион теңгесін ұмытып кеткен тұрғынға ақшасын қайтарып берді. Жүргізушілердің игі әрекетінен құлағдар болған полиция департаментінің басшысы оларды марапаттады. «Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні Аслан Нәби мен танысы Дарын Ембергенов адамдарды тасымалдап жүріп ер адамды айтқан мекен жайына жеткізген. Арада біраз уақыт өткеннен кейін олар көліктің артқы орындығынан қомақты көлемдегі ақша тапқан. Ер адамдар бірден құқық қорғау органдарына жүгініп, клиенттің ішінде ақшасы бар сөмкесін қалдырып кеткенін айтыпты. Біраз уақыттан кейін ер адам полицияға хабарласып, таксиде 1 миллион 100 мың теңгесін ұмытып кеткенін хабарлаған», – делінеді ведомство хабарламасында. Өз кезегінде полиция департаментінің басшысы Аслан мен Дарынға адалдығы мен адамгершілігі үшін алғыс білдіріп, алғыс хат табыстады. Ал Аслан Нәби мен Дарын Ембергенов ақшаны полицияға әкеліп бергенінде тұрған ерекше ештеңе жоқ деп қарапайымдылық танытты. Жас жігіттердің пікірінше, ақша ешкімге оңайлықпен келмейді және адамгершілігі бар, заңға бағынатын кез келген азамат осылай жасауы тиіс. Олардың айтуынша, бұл ақшаны иесі науқас адамның еміне, несиені немесе басқа да қарызды төлеуге жұмсамақ болған болуы мүмкін. Сондықтан ақшаны заңды иесіне қайтарып бергіміз келді, дейді жігіттер.