Қызылордада ерлі-зайыптылар мен олардың баласының мәйіті өз үйлерінде пышақталған күйі табылды
Қанды қырғынды сол үйде аман қалған 2 жасар бала мен 76 жастағы науқас әжей көрген.
Қызылорда облысында бір отбасының үш адамы өз үйлерінде пышақталды. Күйеуі мен әйелі және олардың мектеп жасындағы балалары қан жоса күйінде жатқан. Жан түршігерлік жағдайды осы отбасының ағайыны бірінші болып көрген. "Ақмарал менімен бірге жұмыс істейтін. Келмей қалды. Себебін білу үшін үйге бардым. Есікті ашқаным сол еді, табалдырықта үшеуі өліп жатыр. 76 жастағы Ақмаралдың анасы мен олардың 2 жасар балалары от жағып сол маңда ештеңе болмағандай отыр екен. Апа баяғыдан ауырады, ол оқиға жайлы ауыз ашпай отыр",- дейді марқұмдардың туысы. Қорқынышты жағдайдан дүрліккен ауыл тұрғындары болған жағдайға өздерінше болжам жасай бастаған. Көпшілік отағасы бірінші әйелі мен баласын өлтіріп, кейіннен өзіне қол салды деп болжауда. "Мен оқиға дәл осылай өрбіді деп айта алмаймын. Себебі, інім ешқандай да әйелін, туған баласын өлтіретіндей қаныпезер емес еді",- дейді марқұмның туысқан. Қазірге құпия өлімнің себебі мен кімнің жасағанына байланысты ешқандай мәлімет жоқ. Жергілікті полиция да ештеңе айтпай отыр.