Қарағандыда тіс дәрігері талып баражатқанын көре тұра екі жасар баланы өлтіріп алғанша емдеген
Тура осы дәрігер тағы 13 жасар қыздың өліміне себепші болуы мүмкін деген күдікке ілінді.
Қарағандыда 2 жасар Семен Арзамасцевтің өліміне күдікті анестезиологқа қатысты сот басталды. Шулы процессті Қазыбек би атындағы мамандандырылған ауданаралық сот қарап жатыр, деп жазды Астана арнасының жаңалықтар қызметі. Айыпталушы дәрігер мен оның қорғаушылары БАҚ өкілдерінің отырысқа қатысуына қарсы шыққанымен, судья Арғын Құтышев істің ашық қаралатынын мәлімдеді. Айыпталушы тарап журналистерге қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Дегенмен, алғашқы отырыста-ақ сот медициналық сараптамасын қайта жасатуды сұрады. Олардың пікірінше, комиссия өкілдерінің пікірлері бір- біріне қарама-қайшы. Алайда, судья бұл мәселені басы ашық қалдырды. Ал, баланың әкесі Анатолий Арзамасцев болса, бұған дейін жасалған сараптамалардың дұрыстығын айтты. Тергеу кезінде тиісті тексерулер мен сараптамалар жасалып, анестезиологиялық және стоматологиялық қызметтің дұрыс көрсетілмегені дәлелденген деп отыр. "Бұл адамның кінәсі айқын. Баламды қате емдеген. Дәрігер- анестезиолог тіпті баланың жағдайы нашарлай бастағанын көре тұра тоқтамаған. Креслода өліп бара жатқанына қарамастан емін жасай берген",-дейді баланың әкесі Арзамасцев Анатолий. Еске салсақ, 2 жасар Семен Арзамасцев былтыр ақпан айында Қарағанды қаласындағы «Тини дент» жекеменшік стоматологиялық емханасында тісін емдеткен соң қайтыс болған. Ресейлік әскерилер отбасының бүлдіршіні туған қаласы Омбыда жерленді. Күдікті қарағандылық анестезиолог-дәрігер ҚК-тің 317-ші, яғни, «медицина немесе фармацевтика жұмыскерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» бабымен айыпталып отыр. Осыдан 3 жыл бұрын оның қолынан 13 жасар жезқазғандық Жансая Омарова да қаза тапқан деген күдік бар. Алайда, бұл іс әлі сотқа жеткен жоқ.