Басты жаңалықтар
Майра Ілиясова: Ринат Димаш жайлы айтқан ойынан қайтпаса, біз оны тоқтатуға шамамыз жетеді
- автор kyn.kz
- 24 қаңтар, 2019
- 358
Әнші айтыскер ақын Ринат Зайытовтың Димашты сынаған пікірін арандатушылық деп атады.
Әнші Майра Ілиясова айтыскер ақын Ринат Зайытовты Димаш Құдайберген жайлы жаңсақ пікір айтып, қарапайым халықты арандатып отыр деп айыптады. Sputnik қазақстан: Ринат Зайытов бір сұхбатында "Димаштың образын қалыптастырған кім? Қытай… Олар біздің баланы өзімізге қарсы пайдаланып жатыр. Мұның дәл осылай болатынын білгенмін. Бұл – болған практика. Бірақ Димаш Қазақстанда жүргенде бір адам қолынан жетектеп, сол байқауға апарды ма? Ал енді мақтануға мәзбіз. Біздің бала деп жатырмыз… Ал қазір Димаш Құдайбергенов – Қытай саясатының құрбаны" деген болатын. Және "Саз әлемінегі" Ринат Зайытовтың пікірі әлі күнге дейін ғаламтордан түспей келе жатыр. Осы жайында не айтасыз? Майра Ілиясова: Бұл – Ринаттың сауатсыздығы. Егер Ринат әнші болса, өнерге бір табан жақын болса, ондай әңгіме айтпас еді. Бүкіл дүниені мойындатып жатқан, мықты профессор, әлемдік деңгейдегі мамандардың бағасын алып жүрген Димашқа неге ондай пікір айтады? Бұл өзі біздің қазақтың тарихында бар. Болсын демейміз, етектен тартамыз. Димашқа мүлдем қатысы болмаса да, аузына келгенді айтып жатыр. Ал оған қара халық бетке айтты деп қол соғады. Кейбіреу оның сөзін де түсініп жатқан жоқ. Ринатқа ондай сөз айту ұят. Қандай Қытай Димаштың шоқпарын соғып отыр?
Қытайға дейін біздің Димаш "Славян базарына" барып гран–при алып келді. Оның алдында Димаш президенттік шәкіртақы алды. Димаш – мен сабақ беретін факультеттің, мен сабақ беретін оқу ордасының шәкірті. Біз оған тіл тигізуге жол бермейміз. Ринат өз саласында, айтыста мейлі профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын. Егер Димаштың дауысын білмесе, онда оған сын айтудың қажеті жоқ.
Бұл жерде журналистердің де қателігі бар. Рейтинг, шоу үшін айтылмағанды айтты деп, түймедейді түйедей етіп жетізеді. Сол секілді Димаш халықаралық конкусқа Қытайда емес, Англияда қатысса да дәл солай танылушы еді. Дәл солай өзіне лайық бағасын алушы еді.
"Әйел дауыстыларды жек көремін" деген Ринаттың тағы бір пікірі бар. Ол әйел дауыс емес. Ол біздің тарихымызда бар. Бізде жоғары нотада айтатын Ерік Құрманғалиев болды.
Біз – әншілер деген үлкен қоғамбыз. Біз – бір армиямыз. Егер осы ісін қоймайтын болса, біз оны тоқтата аламыз. Ринат – семейлік менің жерлесім, бауырым. Жарқырап шыққан кезlе барлығымыз Ринатжан деп қолдадық. Құрмет көрді. Қазір дәл сол құрметті Димаш көріп жатыр.
Тағы бір өкініштісі, көрермен әртүрлі болады. Үйде отырған адам, оқымағандар да, делебесі қозып қол соғатындар да бар. Әр адам өз саласының хирургі, сол саланы сынауына болады. Ешкім өзі білмейтін саланы қозғамағаны дұрыс. Бүкіл әлем мойындап отырған Димашты түкке тұрмайтын арзан әңгімемен сынаудың қажеті жоқ. Димаштың да жүрегі ауырады ғой. Осы әрекеті үшін мен Ринат үшін ұялдым.
Димаш алдымен өзін қазаққа танытты. Ал Қытай мен Ресейдің, Англияның жасаған жарнамасына біздің шашымыз жетпейді. Қазақ қазақты мойындау үшін Қытайды мойындатуы керек болды деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Бізге жарнама жетіспеді. Мысалы Бибігүл ападай бұлбұл әлемде жоқ. Апай он шақты жыл болып қалды халықаралық конкурс ұйымдастырады. Мен өз еркіммен демеуші болдым сол конкурста. Қарап отырсам, бір шетелдік әнші Бибігүл апаның "Бұлбұлын" орындай алмайды. Бір қазақтың әншісі орындай алмайды. Бұлбұлдың шықылықтауын тек Бибігүл апайға ғана берілген.