Оразақын Асқар қайтыс болды
Қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында ауыр дерттен көз жұмды
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады. "Оразақын Асқар бір сағат бұрын Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды. Ақынның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Марқұмды шығарып салу мен жерлеу бойынша кейінірек ақпарат береміз", - деп жауап берді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай. Оразақын Асқар 1935 жылы Қытай Халық Республикасының Іле аймағында дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімші қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түскен. Қосымша «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрған. 1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.