Бағлан Әбдірайымов құмар ойындарына салынып, қарызға батып, өтірікшіге айналғаны туралы айтты
Бағлан: Мен әліде елге 200 мың АҚШ доллары көлемінде қарызбын. Басымдағы жағдайды өзге жігіттерге сабақ болсын деп айтып отырмын.
"Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов құмар ойындарына салынғаны соншалық елді алдап, ақшасын алып казиноға салған. Тіпті, отбасын ұмытып бірнеше күн ойынханаларда түнеп жүретін ойыншыға айналып, қазірге дейін қарызынан қалай құтыларын білмей жүргені жайлы "Талқылайық" жобасында ашық айтты. "Мен негізі басымдағы жағдайды өзге жігіттерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Студент кезімнен елу теңге салып ойнайтын автоматтарға әуес болдым. Кейіннен оны ұмытып та кеткен едім. Ел сияқты жиналып алып карта ойнағанды жақсы көрген емеспін. Әйтеуір казинода ойнау қайдан пайда болғанын білмедім, бір кедері есімді жинап қарасам құмар ойынханаларының негізгі ойыншысына айналып кеткенімді байқадым. Басында өз ақшамды салып, соны шығарып алған кезде қайтып кетіп жүрдім. Бірде таныс ағамнан қарызға алып 30 мың АҚШ долларын салып жібердім. Міне сол кісінің қарызын құтыламын деп, кәсіп ашамыз деп жоспарлап, жинап отырған ақшаны шетінен алып барып салабердім. Ол біткеннен кейін 75 мың АҚШ долларын ай сайынғы өсіммен алып, оны да ұтылып қалдым. Қазір мойнымда 200 мың АҚШ долларындай қарыз тұр. Тіпті оны қалай құтылатынымды да білмеймін. Басында сол ойынханалардан көлік, қомақты қаражат ұтып алып жүретінмін. Соңына таман осылай әдемі бір "қораға" кірдім.Ешкім маған ештеңе деген жоқ. Өзім бір күні ойланып, құрдымға кетіп баражатқанымды түсіндім. Сөйттім де ойынхана басшыларының барлығына біртіндеп кіріп шықтым. Қаншама қарызға кіргенімді айтып "Келсем де мені кіргізбеңдерші" деп түсіндірдім. Сол үш ай болды ойынхана атаулыға жоламаймын. Бірақ оған дейінгі қарыздарым әлі төленген жоқ. Пайыздық өсіммен алған ағама да барып, жағдайды түсіндірдім. Тым құрыса уақытша өсімін тоқтата тұруын сұрадым. Көптеген достарыма жексұрын болып, азаматтығыма сын келді. Көптеген маған сенген азаматтардың алдында жексұрын болдым. Көпшілік мені іздеп,қарызын сұрап жігіттігіме сын келді",- деп өкінді әнші өз сөзінде. Әнші ойынға салатын ақшасы біткеннен кейін сол ойынханаларға баруды әдетке айналдырып, сол маңға қарай бараберетін жағдайға түскенін де жасырмайды. "Адам ауру сияқты болады екенсің. Сонда шай-тамағымды жеп күнде жүретінмін. Түсінбейм неге екенін. Содан кейін тұрақты ойыншылармен сөйлесе келе көбісінің отбасынан айырылып, кәсібін өзі банкротқа ұшыратқандарын өз ауыздарынан естідім",- дейді әнші.