Басты жаңалықтар

Пәк болмады: шымкентте жігіттің туыстары құдаларынан қалың малды тартып алды

Бойжеткен: Бір мектепте оқыдық демесең мүлде таныс та емеспіз. Алдап алып қашқаннан кейін есікке апалар жатып алып, құран қойып сыртқа аттатпай қойды.

Кентауда жас келінді ата-енесі "пәк болмадың" деп айыптап, үш күннен соң төркініне әкеліп тастаған. Бұл жағымсыз жайтты ақ босаға аттаған бойжеткеннің өзі айтып берді.

"Мен кентаулық болғаныммен Алматыда жұмыс істеймін. Әлеуметтік желі арқылы жерлес жігітпен сөйлесіп жүрдік. Дәлірек айтсам, екеуіміз бір мектепте оқығанымыз болмаса, жақын таныс емеспіз. Жұмысымнан демалыс алып, қараша айының басында ауылыма бардым. Әлеуметтік желіден менің келгенімді білген жігіт хабарласып, кездесуге шақырды.

6 қараша күні екінші рет тағы да кездесуге шақырып, жай сөйлесеміз деп алдап, мені еркімнен тыс алып қашып кетті. Алғашында келін болмайтынымды айтып, қарсылық танытқаныммен, үйдегі үлкен әжесі жалынып, жылап көндірді", - дейді Айнұр (есімі өзгертілді).

Осылайша, жас келін аяқ басқан үйде жүздеген туыс жиналып, беташар жасаған екен. Ал арудың қалың малына жігіт жақ екі мың доллар апарған көрінеді.

Алайда, бұл қуанышты тойдың дәурені ұзаққа созылмаған екен.

Алғашқы түнде төсектің былғанбағанын көрген жігіт тып-тыныш Айнұрға ғана ажырасатынын айтыпты.

"Төсектің таза екенін көрген ол "барлығына "ештеңе болған жоқ" деп айтамыз, сен кетіп қал, бұл әңгіме ортада қалсын" деді. Алайда, сөзінде тұрмай, ертесіне мені "пәк емес" деп айыптап, әжесіне жамандаған. Әжесі аузына келгенін айтып, мені балағаттай бастады. Ал шын мәнінде, мен бұрын-соңды ер-азаматпен төсектес болмақ түгілі, жігітім де болған емес.

Дереу орталықтағы емханаға барып тексерілдім. Маған гинеколог "сен әлі қызсың, мұндай түсінбеушілік болады, жігіттің мүшесі қысқа немесе қыздық перде төменде орналасқан" деді. Осыны келіп туыстарына айтып, өзіммен бірге жүріп тексеруін сұрадым. Алайда, олар қарсы болып, маған "кет" деп қуа бастады. Келесі күні тағы жекеменшік емханаға тексерілсем, гинеколог сол сөзі қайталады. Бірақ "таза" екенімді растайтын анықтама болмайтынын айтып, шығарып салды", - дейді Айнұр.

Пәктіктің дауы мұнымен бітпей, жігіттің туыстары жас келінді төркініне әкеліп, қайта шу шығарған.

"Үйге келсек, анам өлі-тірісін таратып жатыр екен. Қонақтарды әрең шығарып салды, тойдың арты шуға ұласты. "Қызың пәк емес, мұндай келін керек емес. Ары кетсе, ұлым бір рет жатты" деген сынды ауыр сөздер айтып, әкелген қалың малды түгелімен талап етті. Анам қырық мың теңгені жұмсап қойған екен. "Сендерге садақа, қызыңның бір түнінің құны" деп балағаттап кетті , - дейді бойжеткен.

Үш күн ғана келін болған қызды өз туыстары да жақтырмай қалған. Тіпті, барлығы әулеттің абыройын түсіргенін айтып, теріс айналған. Ал бойжеткен оқиға кезінде туыстарына сеніп, жігітті сотқа бермегеніне өкініп отыр. Себебі, жақындары аталған іс сотқа жетсе, жұрт бәрін біліп қоятынын, көшеге шығу да ұят болатынын алға тартыпты.

Ал аруды үйіне қайтарып жіберген жігіт араға бір апта салып, басқа қызға үйленген. Алайда, әжесі беташардан бұрын жас келінді гинекологқа апарып тексерткен екен.

Ары аяққа тапталған Айнұр өзінің жазықсыз айыпталып, туыстарының алдында ұятқа қалғаны үшін әділдік іздейтінін айтады.

Дереккөзі:nur.kz