Димаш Құдайберген Қытайдағы қазақтар мәселесі туралы:Менің де жүрегіме ауыр тиіп жүр
Әнші Қазақстан азаматы ретінде қандастарына алаңдаушылық білдіргенімен қолынан ештеңе келмей тұрғанын айтты.
Қазақстандық жас әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесінен хабардар екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Димаш Құдайбергеннен Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесін көтеру ойыңызда бар ма деп сұрады. Жас әнші Қытайдағы қандастардың мәселесінен хабардар екенін, алайда өзінің халықаралық дәрежедегі дипломат емес екенін айтты.
"Олар "жаным қазақ" деп соғатын өзіміздің адамдарымыз және ол кісілердің тағдыры біз үшін ешқашан да қызықсыз болып қалмайды. Енді, сөздің шыны керек, қолымнан келсе, бәрін берер едім. Бірақ мен халықаралық дәрежедегі дипломат емеспін. Менің қолымнан тек ән айту ғана келеді. Мен тек әншімін", — деді Құдайберген.
Ол этникалық қазақтардың проблемасы өзіне де ауыр тигенін атап өтті. "Қазір мен өзімді тек әнші есебінде көріп, бұл мәселе бойынша алаңдамай жатыр деп ойламаңыздар. Менің де жүрегіме ауыр тиді. Мен де барынша бұл сұрақтың тезірек шешілгенін қалаймын. Бірақ мен саясаттағы үлкен тұлға емеспін, мен әншімін", — деді Димаш Құдайберген.