ӘЧ - 2018: Франция тартысты матчта Австралияны ұтты
Футболдан әлем чемпионатының Қазан қаласында өткен кезекті ойынында Франция мен Австралия командалары күш сынасты.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлады Бұдан жиырма жыл бұрын Зинедин Зидан бастаған француздар әлем чемпионы атанғаны белгілі. 2006 жылы финалдық матчта итальяндық қорғаушы Марко Матерацциді баспен соғып, Зидан алаңнан қуылғаннан кейін француздар ойыннан кейінгі 11 метрлік серияда ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтқан еді. Қазір Франция құрамында Зинедин Зидандай ұлы ойыншы болмағанымен, Поль Погба, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе сияқты атынан ат үркетін мықтылар жеткілікті. Сондықтан 1998 жылғы әлем чемпионы Дидье Дишам шәкірттерінің биылғы біріншілік фавориттерінің бірі саналуы әбден заңды. Австралиямен өткен матч та француздардың шабуылымен басталды. Алғашқы алты минуттың өзінде олар қақпаға үш бірдей соққы жасап үлгерді. Бұл сәттерде Австралия қақпашысы Мэтью Райан сенімді ойнады. Австралиялықтар француздардың ұшқыр қимылына ілесе алмай, ойын тәртібін жиі бұзуға мәжбүр болып жатты. Дегенмен олар да 12-минутта айып добын орындай алды. 17-минутта сондай стандарттық жағдайдан кейін Франция қақпашысы Уго Льорис аса қауіпті соққыны қайтара білді. Екінші таймда Поль Погбаның пасынан кейін айып алаңына ене берген А.Гризманды австралиялық қорғаушы шалып құлатты. Уругвайлық төреші Андрес Кунья бастапқыда ойынды жалғастыруға белгі бергенімен, бейнеқайталауды қарап шыққаннан кейін 11 метрлік пенальтиді белгіледі. Осылайша 58-минутта Гризманн айып нүктесінен мүлт кеткен жоқ - 1:0. Арада үш минут өтер-өтпесте стандартты жағдайдан кейін франциялық қорғаушы Самюэль Умтити өз айып алаңында қолмен ойнап қойды. Бұл жолы 11 метрлік пенальтиді австралиялық Миле Единак дәл орындады. Матч бітуге 20 минуттай қалғанда, Д.Дешам шабуыл шебін күшейту мақсатында А.Гризманн мен Усман Дембеленің орнына Оливье Жиру мен Набиль Фекирді шығарды. 81-минутта П.Погбаның соққысынан кейін доп қақпа маңдайшасына тиіп, ішіне еніп, қайта шықты. Мұны голды автоматты түрде есептеу жүйесі дәл көрсетті - 2:1. Кездесу соңына таман австралиялықтар қарқынды күшейткенімен, француздар жеңісті сақтап қала алды. Бұл ойын әлем чемпионатында кез келген қарсыласты қалпақпен ұрып алуға болмайтындығын, қай команданың да фавориттермен тайталаса алатындығын көрсетті. Еске сала кетейік, С тобында сондай-ақ Перу мен Дания командалары да ойнайды. Әр топтан үздік атанған қос құрама плей-офф кезеңіне өтеді.