Әріптестері соттан Әлімбекованың ісін қайта қарауды талап етпекші
Роза Әлқожа: Соттың қайта шақырылуын, айыппұлды өтеуге мүмкіндік беруін өтінеміз
Әріптестері Гауһар Әлімбекованы алаяқ деп таныған соттан істі қайта қарауды талап етпекші. Тіпті қарызын өтеп, сазгер әншіні алты жылдық абақты жазасынан құтқарып қалуға барлық мүмкіндікті пайдаланамыз деп отыр. Сот үкімі оқылғанымен әншінің апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар. Қоғам белсенділері білікті заңгерлерді де іске тартуға бел буып отыр, деп жазды KYN.KZ. "Мына жаңалықты естіп не айтарымды, не істерімді білмей отырмын!.. Мақтаралдан шығып, күллі қазақтың жүрегінен орын алған әнші-сазгер әпкемізге неге мұндай жала жауып отыр? Өз басым оқушы кезімнен Гауһар әпкенің өнерін бағалап, жақсы көріп, табынып өскен жанмын. "Сағындым, әке" деген әнін, "Ақ келін","Келінге өсиет" деген шығармаларын әлі орындап жүрміз. Ешкімге қиянаты жоқ, тек шығармашылыққа өмірін арнаған жанға қалай осылай шешім шығара салған?! Өнер адамы ретінде, қазақтың ән қоржынына қосқан үлесі бар композитор ретінде кешірім, бір мүмкіндік болуы керек емес пе?!. Соттың қайта шақырылуын, айыппұлды өтеуге мүмкіндік беруін сұраймыз!",-деп жазды әнші Роза Әлқожа.