Әлімбекованың істі болып жатқан кезде президентке жазған хаты табылды
Хатта ол Назарбаевқа өзінің алаяқтардың арбауына ілініп, басы дауға қалып отырғанын жазған.
Әнші әрі сазгер Гауһар Әлімбекова алаяқтық бабы бойынша жауапқа тартыла бастаған кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрап жазған хат жазған, деп жазды KYN.KZ. Онда Әлімбекова өзінің білместікпен Ордабаева Феруза есімді әйелдің арбауына түсіп, бүгінде құтыла алмай жатқанын ашық жазған.
"Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің аты-жөнім Гаухар Әлімбекова, әнші-композитормын. Әлдебір алаяқтардың арбауына түстім, айыбым жоқ. Ордабаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танимын.
Ф.Ордабаева 2013 Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісім-шартымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты.
40-тың бел ортасына дейін пәтерсіз жүрген мен, Г. Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков өзі және ұлы Әлидің атынан қажетті құжаттар мен қаражатымызды (80 мың $) Ордабаеваға табыстадық. Қамкөңіл қазақпыз ғой, өзімнің ұзақ жылдан бері әпкелі-сіңлідей араласып жүрген Бақыт Назарова есімді әпкеме де пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айттым.. .
Соңында алаяққа берген ақшамыз күйіп кетті. Бауырларыммен далада қалдық. Ордабаеваның қылмыстары дәлелденіп, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Алаяқ Ордабаева ұзын саны 32 адамның ақшасын алып сан соқтырған екен . Мен «33-ші болып арыз жазғанда не өзгереді?» деп, тиісті органдарға шағымданбадым. Енді осы арыз жазбағаным өзіме «пәле» болып жабысып отыр.
Себебі, жоғарыда бізбен бірге үй алған Бақыт Назарова «Мен Ордабаеваны жақсы танымаймын, маған пәтер сатып алу туралы айтқан Гаухар Әлімбекова" деп менің үстімнен арыз жазған. Құқық қорғау органдары осы арызды негізге ала отырып, Ф.Ордабаеваның қылмыстық ісін қайта қарап, оған мені де қосақтап, күдікті деп таныды. Шынтуайтында, мен және менің туыстарым –жәбірленушіміз.
Алайда Б.Назарованың сөзін ескергендер мені сотталушы Ордабаевамен сыбайлас етіп көрсетіп отыр. Содан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым.. . .
Қадірменді Елбасы!
Міне, мендегі жағдай осы. Өз басым біреуге қиянат жасаған былай тұрсын, сахнаның киесінен қорқатын адамымын.. . Айыбымның жоқтығын айтып, қақпаған есігім қалмады.
Менің ендігі үмітім – тек Сізде! Мен Сізден «мені қалайда ақтап алыңыз» демеймін. Тек істің ақ-қарасын айырып, әділдіктің салтанат құруын өз бақылауыңызға алсаңыз болғаны! Бүкіл елге танымал әншіні еш дәлелсіз күдікті деп тануға, заңсыз қудалауға жол бермесеңіз екен!
Арыз иесі: жәбірленуші
Гаухар Әлімбекова. Хат соңында әнші президенттен қалайда өзін ақтап алуды емес, әділдіктің орнауына көмек қолын созуын сұрайды. Әпшеме жала жабылды: Әлімбекованың сіңлісі оқиғаның қалай болғанын айтты
«Үкілі бала» атанған емші Ерболсын халыққа сүйіктісін көрсетті (фото)